Қарағанды тұрғыны туған анасын асқан хайуандықпен өлтірген

2022-06-03 12:20:17
Қарағандыда 34 жастағы азамат үй ауласында тұрған бірнеше автокөліктің терезесін шағып қана қоймай, сол күні үйіне барып, туған анасын асқан қатыгездікпен өлтірген, хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жантүршігерлік қылмыс 3 маусым күні болған. Түнгі сағат 00:35-те «102» пультіне Гапеев көшесіндегі №29 үйдің ауласында жанжал шыққаны туралы хабарлама түсе салысымен полиция өкілдері аталған мекенжайға аттанады. Жедел іздестіру жұмыстарының арқасында бұрын сотталмаған тұрғын ұсталып, Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне жеткізілген.

«Наркологиялық диспансерде жүргізілген медициналық тексеру сараптамасына сәйкес, ұсталған азаматтың ес-түссіз күйде болғаны, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарында наркологиялық және психиатриялық есепте тұрмағаны анықталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293 бабының 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген ПД хабарламасында.

Тергеу жұмыстары жүргізгілген соң екі сағаттан кейін үйіне жіберілген ер адамның артынша аса ауыр қылмыс жасағаны белгілі болды.

Қарағанды ​​облыстық полиция департаменті бастығының жедел-іздестіру жұмыстары жөніндегі орынбасарының айтуынша, сағат 07:55-те жоғарыда жоғарыда аталған мекенжайдағы пәтерлердің бірінен әйел адамның денесі табылғаны туралы хабарлама түскен. Тексеру нәтижесінде, қайтыс болған 70 жастағы қарияның бұрын ұсталған ер адамның анасы екені анықталды.

«Криминалдық полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру шаралары барысында қала көшелерінің бірінде күдікті ұсталды. Ұсталған азамат көршілеріне келтірілген шығынды өтеуге қатысты туған анасымен жанжалдасып, пышақ жарақатын салған», - делінген ПД хабарламасында.

Қазіргі кезде күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бабы бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалды.