Бас әскери прокуратура әскердегі әлімжеттік оқиғаларына қатысты жауап берді

2022-06-02 12:20:24
Өткен апта сайтымызда Қазақстан әскери бөлімдеріндегі сарбаздарға көрсетілетін әлімжеттік туралы «Құлағына ине тығып, темекінің шоғын басқан»: Ақтаудағы «Теңіз жаяу» әскерінде үшінші сарбаз есінен адасып кетті» деген тақырыппен материал жарияланған болатын.

Azattyq Rýhy әр сарбаздың ісі бойынша тергеу амалдарының қалай жүргізіліп жатқанын білу үшін Бас әскери прокуратураға жолданған ресми сұрауының жауабын бүгін алды. Бас әскери прокуратураның мәліметінше, әскерге келгеніне бір апта толмай жатып есінен адасқан 19 жастағы Талғат Айтмұхановтың ісі бойынша жүргізіліп жатқан қызметтік тексеріс аяқталмаған.

«Қорғаныс министрлігінің 25744 əскери бөлімінің мерзімді əскери қызметшісі қатардағы Т.М.Айтмұханов Манғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығында медициналық тексеруде. Оған Ақтау қаласының №1 поликлиникасының дəрігерлік консилиумының «мінез-құлықтың бұзылуына алып келген бейімделудегі қиындықтар» алдын ала диагнозы себеп болды. Бұл бойынша, 19.05.2022 жылы Ақтау өңірлік гарнизонының əскери полиция басқармасымен материал ақпараттық есеп кітабіне тіркеліп, қызметтік тексеріс жүргізу үшін «Батыс» өңірлік қолбасшысына жолданды», - делінген мәліметте.

Ал әскерден кетуіне бір апта қалғанда есінен адасқан Арал ауданының 19 жастағы тұрғыны Ринат Жеткергеновтің ісі бойынша тергеу амалдары әлі де жүріп жатыр.

«Аталған 25744 əскери бөлімінің мерзімді əскери қызметшісі қатардағы Р.А.Жеткергеновтің əскерден психиқалық ауытқулықтарымен оралғаны туралы ата-анасы шағымданған. Аталған факт бойынша ҚР ІІМ Батыстық өңірлік əскери-тергеу басқармасымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс тергелуде. Казіргі кезде, сот-сараптамалар институтымен амбулаториялық қайталама кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптамасы жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нəтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады», - деп жауап берді баспасөз қызметі.

22 сәуірде Жамбыл облысында сарбаз борышын өтеп жүріп көз жұмған маңғыстаулық жас сарбаз Әлібек Қалбайдың өлім фактісі бойынша да іс аяқталмаған.

«30212 əскери бөлімінің мерзімді əскери қызметшісі Ә.С. Қалбайдың қайтыс болу фактісі бойынша ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік əскери-тергеу басқармасы Гвардия бөлімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 440-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қадағалау шараларымен қылмыстық істердің мəн-жайларын зерттеудің толықтығы мен объективтілігі қамтамасыз етілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сəйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды», - делінген мәлімдемеде.