Павлодар облысында бірнеше адам белгісіз заттан уланып көз жұмды

2022-05-29 08:20:15
Павлодар облысының Ертіс ауданында жеті адам белгісіз заттан улланып қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, белгісіз затпен улану фактісі бойынша жеті өтініш тіркелген.

"Үшеуі үйде қайтыс болды. Төртеуі Ертіс аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жүгінген, ол жерде тағы бірі қайтыс болды. Екеуі өте ауыр жағдайда өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бір зардап шегуші Павлодар қаласының № 3 қалалық ауруханасына орташа деңгейде жеткізілді", - делінген хабарламада.

Кейіннен тағы бір адамның ауруханда қайтыс болғаны анықталды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, көз жұмған адамдардың денелерінде сыртқы зорлық-зомбылық белгілері жоқ.

"27 мамыр күні сағат 22.17-де Ертіс ауылында үй иесі - 1955 жылғы ер адам мен 1990 жылы туған ұлының денелері табылды. Сондай-ақ бүгін, 28 мамыр күні сағат 07.15-те аудандық ауруханада 1975 жылғы және сағат 18.00 шамасында 1969 жылғы ауыл тұрғындарының денелері анықталды. Сағат 07.24-те үйден 1957 жылғы зейнеткердің денесі табылды", - деді басқармада.

Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Полиция оқиғаның мәнжайын анықтау барысында қаза тапқандардың барлығы Ертіс ауылының тұрғынында бір сыйымдылықта сақталған шығу тегі белгісіз сұйықтықты тұтынғанын анықтады. Ыдыстар алынып, сұйықтықтың қалдықтары бойынша сараптама тағайындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша өлімнің себебі анықталады.