Шымкенттегі жарылыс салдарынан бір нәресте көз жұмды

2022-05-22 12:20:16
Шымкентте жарылыс салдарынан жаңа туған нәресте көз жұмды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шымкентте Түркістан облыстық №1 перинатальдық орталығының жанында орналасқан жекеменшік дәріхана ғимаратында жарылыс болды.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жарылыс кезінде перинатальдық орталықта 189 науқас пен 65 қызметкер болған.

Оқиға салдарынан перинатальдық орталықтың бір қызметкері мен бір нәресте (туғанына 18 тәулік болған, салмағы - 790 грамм) көз жұмып, сегіз адам жарақат алды.


Зардап шеккендер Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына, Шымкент қалалық клиникалық ауруханасына, №2 қалалық ауруханаға жеткізілді.

Жарылыс болған ғимарат "Межбольничная 138 дәріхана" ЖШС-ға тиесілі екенін айта кетелік. Оның перинатальдық орталыққа еш қатысы жоқ.

Кейінірек қайтыс болған нәресте үшемнің бірі екендігі туралы ақпарат пайда болды.

Шымкентте жарылыс фактісіне сәйкес, Еңбекші аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері "Адам өліміне әкеліп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сараптама тағайындалды.