Келер президенттік жарыста бізді альтернативсіз сайлау күтіп тұр - Мұхтар Түменбай

2022-05-15 20:20:16
"Кезінде саясатты қойдым, болдым, тойдым деген Болат Абиловта ертең саяси партия ашам деп мұқым жұртқа жар салмақ. Жә, оны қойшы, азды-көпті, шын-өтірігі аралас болса да жүрді ғой саясатта. Итпай-шортпайдың бәрі партия ашамын деп тыраштанып кетті ғой бүгінде. Жалпы біздің қоғамдық-саяси өмірдің палитрасы жатқан бір траги-комедия. Елдегі соңғы уақытта басталған партиялық қыбыр-жыбыр нені аңғартады өзі? Саяси белсенділіктің артқанының белгісі дер біреулер. Бәлкім солай да шығар. Біз сияқты саясаттан мақұрым делитанттар ондайды қайдан білсін. Бірақ, бүгінгі, саяси аренадағы деп айтуға да ұят екен өзі, бір сөзбен айтқанда іштегі болып жатқан азды-көпті, ірілі-ұсақты бықсуларды бір қатарға қойып салыстырсаң еріксіз мүлдем басқа тоқтамға келесің.

Өздерің қараңдар. Билік партиясы саналатын "Аманат" партиясынан бастайық. Президенттің партиядан шығып кеткеніне қарамастан, бұл сорлап қалған жетімектер Тоқаевты бір ауыздан, ес-түсімізден танғанша қолдаймыз деп ышқынып жүр. Оларға қосылған "Адал" да сол ұстанымда екені айтпаса да түсінікті. Олардан сәл бұрын коммунисттердің (халықтық партия деуге ауыз бармайды) су жұқпас суайт жаңа лидері Ертісбаев та келмей жатып "келер сайлауда біз тек Тоқаевты қолдаймыз, біз үшін одан бөтен альтернатива жоқ" деп ашығын айтты. Қайтсін қасқа, билік тарапынан қолдау болмаса коммунисттер үшін оның құны беш тиын екенін іші сезеді ғой. Енді отырғаны сол, партия филиалдарына да басшыны өз бетінше тағайындай алмай. Бәріне рұқсат керек.

25 жыл бойы табынарға пір таба алмай, кабинетіне біресе Назарбаевтың, біресе Бөкейхановтың портретін іліп, енді Қонаевтың Қапшағайына жетіп барып, соның фонында селфилетіп, өзіне жаңа абыз тауып алып жүрген Азат Перуашев та сол Ертісбаевтың сыңары. Кеше ғана Назарбаев кеткенде еңіреп жылаған қара бала, бүгін Елбасы статусын Конституциядан алып тастауды алғашқылардың қатарында қолдап, референдумды насихаттап жүр.

"Ауыл" партиясының барынан жоғы. Не өлі екені, не тірі екені белгісіз. Бірақ оның да өлермен болып әрең шыққан дауысы Тоқаев деп сыбарлайды.

Стақан ішіндегі суда дауыл тұрғызып жүрген мамай-боқайлар мен тайжан-тоғжандар да Тоқаевтың билігіне таласымыз бар дегенін байқамадым. Ал реті келген жерде Президенттің алған бағыты дұрыс деп қолдапта қояды.

Сонда бұлардың бәріне өз алдына бір-бір партия неге керек болып қалды? Адам аярлық осы тірліктерін қарап отырып бір нәрсені ғана түйіндеуге болады. Бұлардың ешқайсысында қоғамды өзгертем деген амбиция жоқ. Амбиция қайдан болсын, өре жоқ болса. Ал өре жоқ жерде биік мақсат та тууы мүмкін емес. Көздегендері тек Тоқаевтың шахмат тақтасынан орын алу. Соңғы кездегі мәлімдемелерімен бұлар тек атқосшы болуға ғана жарайтынын көрсетті. 30 жылда ана тілін үйренуге титтей де болса талпынбаған Бутя, Дося, Джакишевтер қазақы электоратқа жақын бола алмасы анық. Тірі өліктер. Оларды ел тек сапалы менеджерлер қатарынан көргісі келеді. Министрлік, әрі кеткенде вице-премьерлік олардың ең биік баспалдағы. Болмаса ол да жоқ. Қайтейік, саяси алаңдағы барымыз осы.

Олай болса Тоқаевқа да алдағы сайлауда қорқатын дәнеңе жоқ. Қауіп тек экстремистік діни ағымдардың, салаф-ит, вахаб-ит сияқты жартылай астыртын ұйымдардың тарапынан болуы мүмкін. Бірақ олардың тамырына балта шабуға Тоқаевтың ақылы, мен айтпай-ақ та, жетеді. Ол істің басы басталып та кеткен секілді.

Қысқасы келер президенттік жарыста бізді альтернативсіз сайлау күтіп тұр".

Мұхтар Түменбай, журналист

Дереккөз: facebook