"Мұндайды қаламаймын": Тоқаев негізгі ұстанымын айтты

2022-05-12 08:20:18
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрік бизнесмендеріне Жаңа Қазақстандағы саяси-экономикалық өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлады Ақорда.

Тоқаев саяси жүйені толық жаңғыртатынын мәлімдеді. Негізгі мақсат - "суперпрезиденттік" басқарудан мықты парламенті бар президенттік республика жүйесіне біртіндеп өту.

"5 маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын", – деді Тоқаев.

Саяси жүйемен бірге ұлттық экономика да түбегейлі жаңғыртылады. Оны әділ бәсеке орнату, жекеменшікті қорғау, монополиядан арылту арқылы жүзеге асырады.

"Осының бәрі еліміздегі саяси тұрақтылықты нығайта түседі. Сонымен қатар бизнестің мүддесі мен құқын қорғауға ықпал етеді. Ең бастысы, шетелдік инвесторлар үшін экономикалық мүмкіндіктерді барынша кеңейтеді. Бір сөзбен айтқанда, алдымыздан ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі ашылады. Бұл Түркияның ірі холдингтеріне, компанияларына ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдеріне де мүмкіндік береді", – деп атап көрсетті президент.

Осы орайда мемлекет басшысы түрік бизнесмендеріне бірнеше жобаны ұсынды. Қазақстан мұнай-газ саласы үшін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер жасауға ниетті. Инвесторлар тарапынан сұраныс бар, ал түрік кәсіпкерлері озық технология мен тың тәжірибесін енгізе алады.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы бірлесіп жұмыс істеуге болады.

"Қазақстан соңғы 5 жылда зығыр егілетін алқаптың аумағын 2,5 есеге ұлғайтты. Осылайша, зығыр тұқымын экспорттайтын көшбасшы елдердің қатарына қосылдық. Түркия бұған дейін бізден жылына 10 мың тонна зығыр сатып алатын. Ал, биылғы екі айдың ішінде 8 мың тоннасын, яғни, жылдағыдан 6 есе көп алды. Біз Қазақстанда зығыр және басқа да майлы дақылдарды өңдейтін бірлескен өндіріс орындарын ашуды ұсынамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал туризм саласында Каспий теңізінің жағалауын пайдалануға болады. Әсіресе, "Інжу-маржан" шығанағының бойы өте қолайлы.