Түркістан облысында шіркейдің көптігінен жаңа туған төл арам қатып жатыр

2022-05-05 08:21:23
Түркістан облысындағы Отырар ауданының тұрғындары аптап ыстықта тұмшаланып жүруге мәжбүр. Күн ысығалы елдімекендерді шіркей қаптап, елдің мазасы қашты. Халық таңнан кешке дейін үйден шығуды азайтқанын айтады, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.


Әсіресе Сырдария өзеніне жақын орналасқан ауыл тұрғындары қатты қиналып жүрміз дейді. Шіркей ашық тұрған жердің бәріне кіріп, қатты әбіржіткендіктен, күні бойы үйге тығылып отыратынын айтады. Малды да күндіз өріске шығаруды да қойыпты. Мал дәрігері шіркейдің көптігінен жаңа туған төл арам қатып жатыр дейді.

«Осыдан екі үш жылға дейін сеуіп жүрді дәріні, кейінгі кезде дәрі себу тоқтап қалды. Малдың да бет-аузын жеп қояды, жаңадан туған төлді де жеп қояды, ен салған кезде құлағын жабылып қанатып жібереді. Көзден, тұмсықтан шағады, жаңадан шығып жатқан балапанның бәрі өліп қалып жатыр. Көзіне, бетіне жабысып қалады, қанын сорады. Басы іседі де өле береді», - дейді мал дәрігері Ерлан Алтанов.

Ал залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге жауапты басқармадағылар биыл шіркейдің көптігін көктемгі ауа райының жауынды болуымен байланыстырады. Сала өкілдері былтыр белгілі себептерге байланысты шыбын-шіркеймен күрестің жүргізілмей қалғанын да жасырмайды.

«Былтыр сот рәсімдері жүрді, жыл бойы соттың мәселесімен шыға алмадық. Биыл шіркейдің көбеюіне қолайлы жағдай болып жатыр, соған байланысты қазір жұмыстар атқарылып жатыр. Отырар ауданы кешегі мәлімет бойынша сол жұмыстарды бастап кетті», - деді Түркістан облысы Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Бақытбек Убайдин.