Бюджет процессінің осындай салғырттығы әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелуі ықтимал - Саиров

2022-04-21 00:20:13
"Жақында Президент Қасым - Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жөнінде Жарлыққа қол қойды.

Жарлық форс-мажорлық, төтенше жағдайда мемлекеттік органдарға формализмге салынбай жедел шешім қабылдау керектігін айқындайды.
Біз күні кеше ауыл аймаққа барып келдік.

Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарында биылғы егістікті суару мәселесі өте мүшкіл жағдайда тұр!

Бұл жақтағы бүкіл гидроқұрылыстар республикалық «Казводхоз» кәсіпорны еншісінде.

Өткен жылы Күршім ауданы Жауғашты гидроузелін су шайып кеткен.

Себебі, бұл су торабы 30 - 40 жыл жөндеу көрмеген.

Нәтижесінде, 5- ауылды мекеннің 79 шаруа қожалығының 3933 гектар егістік жері, 669 жеке қосалқы шаруашылықтан 185 гектар бау-бақшалық жері сусыз күйіп кетті.

Зайсан ауданындағы Үйдене плотинасына соңғы рет жөндеу 1983 жылы жасалған. Плотина қаусап тұр!

73 млн. куб. м. су жинауға қабілетті плотина бар жоғы 21 млн. куб жиған.

Осының нәтижесінде 10 251 гектар суармалы жердің 5251-і игерілмеуде. Яғни, 5580 тонна дәнді дақыл, 1925 тонна картоп, 1575 тонна көкөніс, 8856 тонна майлы дақылдар кем өндірілуде.

Жөндеу жұмыстары бүгін - ертең басталатын түрі жоқ!

Тарбағатай ауданы Қандысу плотинасының жөндеу күткеніне 22 жыл болған!

Құжаттар Үкіметтің шексіз бюрократия бекінісінен өте алмай жатыр!

Авариялық жағдайына байланысты 43 млн. куб. м су жиюға қабілетті плотина биыл мүлдемге су жимайды.

Нәтижесінде 7000 гектар суармалы жердің 2500 ғана суарылып отыр.

374 шаруа қожалықтары зардап шеккен!

Тарбағатай ауданы Қарғыба гидроузелінің су алып, істен шыққанына он жыл болған. Жөндеу орта жолда қалып қойған.

Соның нәтижесінде 1500 гектар жоңышқа жойылып кетті, 4439 гектар егіс алқабы суарусыз отыр. Зардап шеккен шаруа қожалықтарының саны 312.

«Казводхоз» кәсіпорны бюджетке тәуелді. Ал осы жақтағы стратегиялық мәні бар құрылыстарды жөндеу министрліктердің қисық - қыңыр позициясына байланысты, сатып алу заңындағы бюрократияның салдарынан ондаған жылға созылып кеткен!

Проблемалар күйіп тұрса да, бүгінгі бюджеттің нақтылауына кірмеді. Бюджет процессінің осындай салғырттығы әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелуі ықтимал!

Президент Тоқаев бюрократиядан арылту жөніндегі Жарлығында осындай өзекті мәселелерді жедел шешуді талап етіп отыр.

Премьер-Министр Смайыловтың назарына!

Көріп отырғанымыздай, аталған аудандарда гуманитарлық апатты жағдай қалыптасты.

Проблеманы жедел шешу үшін осы аудандарда өңірлік Төтенше жағдай жариялап, Үкіметтің резервінен қажетті қаржыны бөлу қажет деп есептейміз. Халық шешімді күте-күте әбден шаршады.

Жалпы бюджетті қолдаймын, дегенмен жоғарыда аталған мәселелерді ширақ реттеу қажет!

Республика бойынша, басқа да аймақтарда бұл мәселе күйіп тұр, ертең жалпы Ұлттық техногендік дағдарысқа ұшырауымыз ықтимал!"

ҚР Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың желідегі жазбасы.