Украинада қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 2 мыңнан асты

2022-04-19 08:20:17
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының мәліметінше, Украинада қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны күн санап көбейіп барады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы 2022 жылғы 24 ақпандағы таңғы сағат 4.00-ден 2022 жылғы 17 сәуірдегі түнгі сағат 00-ге дейінгі аралықта Украинада 4890 бейбіт тұрғынның зардап шеккенін тіркеді. Оның ішінде 2072 адам қаза тапқан, 2818 адам жараланған», - делінген хабарламада.

Қаза тапқандардың арасында 537 ер адам, 327 әйел, 38 қыз бала және 60 ұл бала, сондай-ақ жынысын анықтау мүмкін болмаған 71 бала мен 1039 ересек адам бар.

Ал жараланғандар арасында 327 ер адам, 253 әйел, 56 қыз бала және 61 ұл бала, сондай-ақ жынысын анықтау мүмкін болмаған 155 бала мен 1966 ересек адам бар.

«Бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандардың көпшілігі ауыр артиллерия мен бірнеше зымыран жүйесінің атқылауынан, сондай-ақ зымырандық және әуе соққыларынан, жою аумағы аса үлкен радиусқа жететін жарылғыш құрылғының құрбаны болды», - делінген хабарламада.

БҰҰ бұл әлі нақты сан емес, құрбандар саны әлдеқайда жоғары деп мәлімдеді, себебі қызу шайқас болып жатқан аймақтардан ақпарат алу мүмкін болмай отыр.