Қазақстанның валюта нарығындағы жағдай тұрақталды – ҚР Ұлттық банк

2022-04-12 08:20:17
Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов үкімет отырысында мәлімдеді.

Наурызда геосаяси тәуекелдердің жүзеге асуы және ресейлік рубль бағамының бұрын-соңды болмаған құбылмалылығы теңгеге қысым жасады. 16 наурыздағы биржалық саудада теңге бағамы бір АҚШ долларына 512,17 теңгеге жетті. Ұлттық банк қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін шектеу үшін белгілі бір күндерде валюталық интервенциялар жүргізді, оның көлемі осы жылдың наурыз айында 990,5 млн доллар болды.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов

Ұлттық банк басшысының сөзіне қарағанда, теңгеге Ұлттық қордың бюджетке 891 миллион доллар аударымдарын сатуы және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдердің бір бөлігін сатуы да қолдау болды.

Наурызда теңге бағамы құлдыраудың айтарлықтай бөлігін қалпына келтіріп, бір айда 5,7%-ға нығайып, бір доллар үшін 467,03 теңге болды. Ұлттық валюта бағамы сәуір айының басында – 11 сәуірде 449,63 деңгейіне дейін нығая түсті.