200-ге жуық жұмысшы Ақтаудың орталық көшесін жауып тастады

2022-04-08 16:22:19
200-ге жуық коммуналдық қызметкер Ақтаудың орталық көшесін жауып тастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Олар жалақыны көтеруді талап етті. Біраз уақыттан кейін наразылыққа шыққандар әкімдікке шақырылған.

Қызметкерлер жалақы қазір 90 мың теңге шегінде екенін айтты. Олар жалақыны кем дегенде 110-120 мың теңгеге дейін көтеруді талап етеді. Сондай-ақ, олар үш жылдан бері еңбек демалысынсыз жұмыс істеп жүргеніне наразы. Олардың айтуынша, қоқыс шығару бойынша тендер жылына бір рет өткізіледі. Сол себепті компанияда еңбек демалысы ақысына ақша жоқ, дейді наразылық білдірушілер.
200-ге жуық жұмысшы Ақтаудың орталық көшесін жауып тастады

Коммуналдық кәсіпорында 500 адам жұмыс істейді, оның 437-сі қарапайым жұмысшылар.

"Қоқыс шығаратын West Recycling Company ЖШС қызметкерлері жолды жауып тастады. Олар жалақыны көтеруді талап етіп отыр. Оларға облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров пен Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаев түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бұл әрекеттері заңсыз және қоғамдық тәртіпті бұзу екенін түсіндірді. Осыдан кейін компания қызметкерлері жолды ашты. Қазір олармен жағдайды талқылау үшін жиын белгіледік", - деді Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері.