Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесті

2022-04-08 16:22:19
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «АМАNАТ» партиясының фракция мүшелері Мәлік Құлшар мен Снежанна Имашева су тасқынынан зардап шеккен аудандардың тұрғындарымен кездесу үшін Батыс өңіріне барды.

Сапарын Мәлік Иманқұлұлы Қаратөбе ауданы Шалғын ауылынан бастады. Ауыл әкімінің айтуынша аталған ауылда 40 шақты үй бар. Соның ішінде ағын судан 29 үй зардап шеккен, ал оның 23-і мүлдем адамның тұрмысына жарамсыз күйде екен. Сонымен қатар, су басқан мектеп және тұрғын үйлерді аралап көрді. Жапа шеккен тұрғындармен кездесіп, олардын қазіргі жағдайларымен танысты. Ең әуелі балалардың оқуы ұйымдастырылған мәдениет үйінде болды. Оқушылар және ұстаздармен кездесті. Қазіргі уақытта оқушыларға қалыпты сабақ оқу мүмкіндігі жасалған. Облыстық білім басқармасы, аудандық білім беру бөлімі балаларға киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтар алып берген. Су кіріп үйлері құлаған тұрғын үйлерде болып, жағдайды өз көздерімен көрді. Тұрғын үйлер жарамсыз, үйге қажетті барлық заттар бүлінген. Үйлерді аралап көргеннен кейін, ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында сол ауылдың тұрғыны және уақытша мектеп директоры міндетін атқарушы Құлбатыров Мұрат және ауыл тұрғыны Нұрболат Бахитов халық қалаулысына тұрғындардың талап-тілектерін жеткізді.

Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесті


Құлбатыров Мұраттың айтуынша, ағын су Шиелі өзенінен 28 наурыз күні бастаған екен. Содан ауылға тасқын су екі рет келген екен. Сол мезетте ауыл әкіміне барлығына хабарланып, кешкілікте төтенше жағдай қызметкерлері келген екен. Екінші тасқын 30 наурыз күні болып, 1 сәуірде ауылдан 40 км жерде орналасқан Шиелі өзені арнасынан тасып, ауылды су басты. Салдарынан 23 үй жарамсыз күйде және 40 тан ІҚМ, ҰҚМ қырылды.

«Парламенттен келіп, біздің хал-жағдайымызбен танысып, көмек қолын созуға дайын екендігіңізді жеткізген Сізге тұрғындар атынан ризашылығымды жеткіземін, елдің басына қиын жағдай түсіп жатқанда арнайы келіп жағдайымызды сұрап, талап тілегімізді тыңдап аралап жүрсіз. Енді болған жағдайды білесіздер, қолдан келгенін осы жердегі азаматтар, аудан, ауыл басшылары тұрғындардың жағдайын біліп, көмегін беріп жатыр. Алғашқы болып «АМАNАТ» партиясы азық түлікпен көмектесті. Оқу құрал, киім-кешек, уақытша тұруға палаткалар әкімшілік әкеліп берді. Барша елге рахмет, енді біздің екі мәселеміз бар. Ауыл ешқайда көшпейді, мектеп және баспанамызды шағындап салып берсе деген бәрімізде бір тілек», - деп тұрғындар атынан Нұрболат Бахитов ұсыныс айтты.



Халықтың уәжін асықпай тыңдаған Мәлік Иманқұлұлы болып жатырған бұл төтенше жағдайға облыс бюджетінен бөлінген қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, Мәжіліс отырысында көтеріп, қосымша республикалық бюджеттен қаражат бөлу жөнінде ұсыныс айтатынын жеткізіп, әр тұрғынның өтініші аяқсыз қалмайтындығын айтты.



ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Имашева Снежанна Валерьевна Бөрлі ауданы, Қызылтал шағын-ауданындағы су басқан тұрғын үйлерге барып, тұрғындармен кездесті. Сонымен қатар Снежанна Валерьевнамен бірге аудан әкімінің орынбасары Е.Ихсанов, «AMANAT» партиясы Бөрлі аудандық филиалының атқарушы хатшысы О.Тулемисов, облыстық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі А.Агаев, Ақсай қаласының әкімі А.Баяндыков, Бөрлі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы- подполковник К.Жұмағалиев барып, еріген қар суынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетілетінін жеткізді.