Елі ерін ерекше еске алып, бірлік мерекесін тойлады

Елі ерін ерекше еске алып, бірлік мерекесін тойлады

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы төл тарихымызды қайта түлетіп, өткеніміздің өнегелі тұстарын ел санасына оралтып, өшкенімізді жандыруға түрткі болғаны белгілі. Әсіресе, өсіп-өнген өлкеге деген ерекше ықыласын нақты іске ұластырған елжанды азаматтардың арқасында ауданымызда бірқатар игі шаралар жүзеге асты. Соның бір айқын дәлелі –бірлік мерекесінде Бірінші Май ауылдық округінде Бекболат Әшекеев атындағы саябақ ашылды.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы, халық үшін жанын қиған Б.Әшекеевтің ерлігі тарихтан мәлім. Сол бір қатыгездікке толы қиын-қыстау кезде ел болашағына алаңдап, әділетсіздікке қасқая қарсы тұрған жерлестерінің азаматтық асыл қасиеттерін өскелең ұрпаққа үлгі ету үшін аудан әкімі Махаббат Бигелдиев бастаған бір топ қарасайлықтар үлкен жұмысты қолға алған еді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, батыр бабаға тас тұғырдан ескерткіш орнатып, жастар сейілдейтін саябақ ашу мақсатында «Туған жерге туыңды тік» қоғамдық қоры құрылып, үндеу қабылданып, ауданның ардақты азаматтары оған өз үлестерін қосуға асыққан еді.
Бұл мақсат орындалды да. Жұмыстарды өз жауапкершілігіне алған «Іргетас -Құрылыс — ІІ» ЖШС бір айға жуық уақытта жүзеге асырып, 20 сотық аумақты алатын саябақ салынды. Барлық талапқа сай таспен тегістеліп, қабырға кірпіштерімен қаланған, көгалдандырылып, жүзге жуық шырша егілген демалыс орны жарықтандырылып, келушілер дамылдап отыратын 28 орындық та қойылған. Дәл ортасында биіктігі 8 метр болатын, халық батыры Бекболат Әшекеевтің бейнесі салынған гранит тас орнатылған. Екі шетіндегі 6 метрлік тағы қос бірдей тас тұғырда батырға даналардың берген бағасы көрініс тапқан.
Осылайша, қарасайлықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін биыл тарихта қаларлықтай ерекше жағдайда, Үшқоңыр тауының бөктерінде атап өту үшін Бекболат ауылына бұрылыста, күре жолдың оң жағында бой көтерген демалыс орнына жиналды. Жергілікті тұрғындардың қуанышын бөлісуге зиялы қауым өкілдерімен қатар, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов арнайы келді. Саябақтың ашылу салтанатында алдымен «Туған жерге туыңды тік» қоғамдық қорының төрағасы Сағындық Жылқыбаев сөйлеп, атқарылған жұмыстар жайын баяндап, ерекше үлес қосқан жандарды марапаттап, қордың атынан сый-сияпат көрсетті. Атап айтқанда, мердігер мекеме директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ә.Сәрсеновке, айтарлықтай қолдау көрсеткен «Isker company» ЖШС құрылтайшысы Б.Өміралиевке, «ДРСУ-8» ЖШС директоры А.Угрюмовқа, «Қазақстан қағазы» АҚ-ның бас директоры В.Горобцоваға және тағы басқаларға үлкен ризашылық білдірілді. Барлығына сый-құрметтің белгісі ретінде иықтарына шапан жабылып, Алғыс хат тапсырылды.
Б.Әшекеевке арнап тас тұғырдан орнатылған ескерткіштің лентасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, қоғам қайраткерлері Едіге Жүнісбеков пен Шәмшә Беркімбаева, Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев салтанатты жағдайда қиып, ескерткіштегі ақ жамылғы түрілді. Ақ әжелер болса, әдеттегідей, тәттіден шашу шашты.
Салтанатты шара әрі қарай Бекболат ауылындағы Хамза қажы мешітінің қарсы бетіндегі ашық алаңқайда жалғасын тауып, Қазақстан халқы бірлігі күнін мерекелеуге ұласты. Мұнда аспан астында ақ дастархан жайылып, ойын алаңдары да ойластырылған. Қаз-қатар ақшаңқай киіз үйлер бой көтеріп, шешен, күрд, славян, ұйғыр, түрік сияқты этностардың ұлттық орталықтары көрмелерін қойды. Алып сахна айналасына да жұртшылық көп жиналып, оның төрінде айтылғандарды зор ықыласпен тыңдады.
Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Лаззат Махатұлы алдымен облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық ықыласты сәлемін жеткізе келе, өңір көлемінде «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған жұмыстарға назар аударды. Тәуелсіз Қазақстанның әр жетістігі ержүрек батыр бабаларымыздың тарту еткен азаттығының арқасы, ұлтаралық татулықтың жемісі екендігін тілге тиек етіп, 73 жасында қол бастап, атқа қонған Бекболат Әшекеевтің батырлығы жайлы әсерлі әңгіме қозғады. Қарасайлықтардың ұйымшылдығы мен ауызбіршілігіне жақсы бағасын берді. Сондай-ақ, аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы да айтылған ойды жалғай келе, Елбасының әр бастамасы ел әлеуетін көтеріп, рухани жетілдіре түсетінін әңгіме арқауына айналдырып, ерлік пен өрлікті паш ететін саябақтың жас ұрпаққа үлкен өнеге орны боларына сенім білдірді. Баршаны мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Мұнан кейін жазушы, академик Нағашыбек Қапалбекұлы Бекболат Әшекеевтің өмірі туралы баяндама жасады. – Бекболат жайлы жыршы, термеші Хамза қажы Екейбаевтың атқарған орасан игі ісін ерекше атап жүруіміз керек, – деп сөзін әрі қарай сабақтай түсті баяндамашы. – Бірде ол кісі маған телефон соғып, тез осы Бірінші Май ауылындағы үйіне келіп кетуімді өтінді. Дереу келсем, Хамза қажы ағам былай деді: «Түнде түсіме Бекболат батыр Әшекеұлы кірді. Мен елім үшін шаһид болдым, асым берілмей қалды ғой. Хамза балам, саған сол аманат!» деп ақ сақалы желбіреп, маған батасын берді. Үш ат ерттетіп дайындап қойдым. Жүр, Бекболат батыр қол жинап, шайқасқан Үшқоңырға шығып, аралап қайтайық, – деді. Не керек, содан Хамза қажыда тыным болмады. Мен екі ай орталық архивте отырып Бекболат Әшекеев бастаған Үшқоңыр көтерілісі жайлы материалдар жинақтап, «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жарияладым.
Бірінші Май ауылы тұрғындарын жинап Хамза қажы Екейбаев осы ауылдың атын «Бекболат» деп атау жөнінде ұсыныс түсіріп, хаттама алып, облыс әкіміне кіріп жүріп, ол жақтан республиканың ономастика комиссиясына хат жібергізді. Хамза ағам тікелей өзі сөйлесіп, мені Астанаға жіберді. Тек осы мәселемен ғана сол кездегі мемлекеттік хатшы, атақты жазушы, қайраткер Әбіш Кекілбаевтың қабылдауында екі мәрте болдым. Ақыры 2000 жылы ауылға Бекболат есімі берілді. Ауыл жанына 10 киіз үй тігіп, 10 жылқы сойып Бекболат батыр Әшекеұлына ас беріліп, құран бағыштап, құрбан шалынды.
Бұдан бөлек, Нағашыбек Қапалбекұлы Бекболат Әшекейұлы жайында жұртшылық көп біле бермейтін тың деректерге де назар аударды. Академиктің айуынша, ата шежіреге үңілсек, ол ырысты қалың Дулат, оның, ішінде Жаныс, одан Жайлымыстан шыққан Есенқұл батырдың ұрпағы.
Есенқұл жауға шапқанда он ұлы бірге аттанады екен. Есенқұлдың он ұлы: Бигелді, Баубек, Дайырбек, Бидайбек, Сайбек, Тойынбек, Ақылбек, Бибек, Нүсіпбек, Айдарбектер ешкімге есесін жібермеген көкжал текті батыр, алғыр болып өседі. Дайырбек дәулетті, сәулетті болады, одан тоғыз ұл туған. Әшеке төртінші ұлы екен. Жасынан барымта-сыдырымтада бүкіл қырғыз-қазаққа жаужүректілігімен аты шыққан сайыскер, барымташы болыпты. Тезек төреден де, Қоқан хандығынан қаймықпай, тіпті, солардың кейбір жүйріктерін, топ-тобымен айдап әкеп Үшқоңырдың жықпыл-жықпылына сүңгітіп жіберіп, ұстатпайды. Тікелей тиісуге қара ормандай жаужүрек ел-жұртынан сескенген қоқан бектері алдап қонаққа шақырып алып, үзеңгісіне у жағып жібереді. Содан Әшеке орта жолда, Шу өзеніне жеткен жерде қаза табады.Сонда уы бойына тарап, ісіп-кеуіп жатқан Әшеке: «Менің атымды түбінде Бекболатжан шығарады, соның төңірегінде болыңдар», депті өлерінде.
Әшекенің Тұрысбек, Әменбек, Құрманбек, Бекболат, Албан, Пәзілбек секілді ұлдары шетінен өнерлі, он саусағынан өнер тамған ұста болған.
Бекболат Әшекейұлы 1843 жылы осы Үшқоңыр тауында туған. Ол жасынан арабша оқыған, сауатты, көзі ашық, билікке араласып би болған, орысша жақсы білген, ел ішінде қадірлі, сыйлы, әділдігімен аты шыққан, ағайындарының басын қосып, басшылық жасаған, сөзге ұста, бес мезгіл намазын қаза қылмаған құран оқыған діндар жан болған екен, оны елі болыстыққа да сайлаған. 1905-1906 жылдары Мекке-Мединеге барып, қажы атанып келген. Немере бауыры Сәт болыс Қарғалыда мешіт сала бастағанда Бекболат бүкіл бауырларымен болысып, бірге салысқан.
Бекболат Әшекеұлын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде бүкіл ел-жұрты, Алатаудың күнгейіндегі қырғыздар, Шу бойындағы дұнғандар барлығы бірауыздан басшы сайлап, хан көтерген екен.
Сондай-ақ, қоғам және мемлекет қайраткері Шәмшә Көпбайқызы жиналған жұртшылыққа жылы лебізін жеткізіп, туған еліне деген ықыласы ерекше жандардың басын қосып, кейінгі буынға мәңгілік мирас болатын үлкен шаруаны қолға алған Махаббат Садуақасұлының еңбегін айрықша атап өтті. Ал, халық атынан ортаға шыққан ауыл ақсақалы Мырзабек Шымшықов Елбасына, ел ағаларына деген шексіз ризашылығын ақ батасы арқылы білдірді.
Әрі қарай көпшілік аудан әншілерінің өнерін тамашалап, спорттық сайыстарда бақ сынап, кең-молынан жайылған ақ дастарханнан дәм татты.

Клара КӨПБАЕВА.

Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.