Жұмыскер, майдангер, басшы болған ардақты азаматтың есімі ел жадында

Жұмыскер, майдангер, басшы болған ардақты азаматтың есімі ел жадында

Біздің қасиетті Қарасай ауданының өткеніне зер салып, ой жүгіртсеңіз, ел игілігі үшін ерен еңбек етіп, ортақ іске үлкен үлесін қосқан, халыққа қатты қайғы-қасірет әкелген сонау сойқан соғыста майдан даласында қаскөй жаумен жанын аямай айқасқа түсіп, ерлік көрсеткен талай тамаша адамның осы өңірде өмір сүргенін біле аласыз.
Солардың бірі Шәкір Төлемісов атты ардақты азамат еді.

Марқұм Шәкір атамыз қазіргі Ақтөбе облысы аумағында кедей, көшпелі қазақтың отбасында 1907 жылы дүниеге келген екен. Кішкене кезінен ауыр күндерді басынан өткеріп, аш, жалаңаш жүрді дегендей, тынымсыз тірлік еткен.
Кеңес өкіметінің өз билігінің алғашқы жылдарында елдің тұрмысын жақсарта алмағаны белгілі.
Шәкір он үш жасынан бастап байларға барып жалшы болды. Жылқы, қой баққан, басқа да сан алуан жұмыстан қашпаған.
Уақыт өте келе, әрине, қызыл үкімет те барлық жағынан күшейе түсті ғой. 1929 жылы Шәкір қалаға барып, зауытқа жұмысшы болып орналасады. Сауатсыздықты жою курсында оқып, бірінші білімін алады.
1932 жылы Ташкентте мал айдаушылардың бригадирі болып, өзінің алғашқы қарым-қабілетін, адамдармен тіл табыса білетінін осы қарапайым жұмыстан-ақ анық аңғартады.
1934 жылы ол кісі Қарақалпақстан-дағы босқын қазақтар арасында белсенді жұмыс жүргізіп, оларды Қазақстанға қайтуға шақырады. Сөйтіп, осындай адамдардың қатарында Қаскелең ауданына қоныс аударып, осы жаққа келіп жеткен.
Содан «Екпінді» колхозына (қазіргі Іле ауданы аумағында) мүшелікке кіріп жылқы бағады.
Өз ісіне мығым, қай жұмысқа да мықты, ой өрісі кең, саналы жігіт дәл осында өзін ерекше танытып, колхоз мүшелері арасында айрықша беделге ие болады. Мал басы өсіп, асыл тұқымды жылқы көбейеді. Жыл сайын оның бағуындағы жылқының он шақтысы Қызыл армияның атты әскеріне жіберіліп отырған. Бұл да сол тұстағы аса қажетті іс еді.
Ол кезде ауылдық жерде тракторлар мен машиналар жетіспейтін, сондықтан барлық дерлік жұмысты жылқы малы атқаратын-ды. Осы орайда озат жылқышының, стахановшының есімі аудан, облыста белгілі бола бастайды. Бірнеше рет колхоз, аудан тарапынан мақталып, марапатталады. Ал, 1937 жылы СССР Жер шаруашылығы Халық комиссариатының сыйлығын алып, мерей, мәртебесі өседі.
1938 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советіне сайлау өтіп, сол кезде жылқышы атамыз Қаскелең сайлау округінен ұсынылып халық қалаулысы атанады. Осылайша Шәкір Төлемісов Қазақстанның алғашқы Жоғары Советінің алғашқы депутатының бірі болып сайланған!

Ұлы Отан соғысы алдында ол Алматы ауылшаруашылығы техникумында оқып, оны аяқтағаннан кейін «Политотдел» колхозының төрағалығына сайланған.
Жаңа төраға мұндағы жұмыс деңгейін көп көтеріп, өзінің іскерлігін көрсетеді. Алайда, осы уақытта соғыс өртінің лебі бұл жерге де жетіп қалған еді. Колхоздың бүкіл күші мен қаржысын, сол тұстағы қатаң тапсырмаға сәйкес, Шәкір атамыз әскер қажеттілігіне батыл бағыттап, майданға бидай, ет және т.б. азық-түлік, сонымен қатар, жауынгерлерге жылы киім, аяқ киім жіберіп отырған. Ал, 1942 жылы өзі де қайта-қайта қоймай сұранып соғысқа аттанған. Қатардағы минометші неміс-фашистерімен шайқаста соғыс біткенше болып, тек 1945 жылы қазан айында ғана әскерден босатылған. Қан майданның қақ ортасынан табылған 7-ші гвардиялық атты әскер дивизиясының батыл жауынгері 1943 жылы жараланған да. Кеудесіндегі «Үздік минометші» деген белгісі де үнемі жарқырап жүретін. Сондай-ақ, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, он екі медальмен наградталған.
Иә, еңбекте аты шыққан әділ, адал, арлы азамат соғыста да ержүрек, батыр, батыл жауынгер бола білді.
1945 жылғы Ұлы Жеңістен кейінгі бейбіт өмірде Шәкір Төлемісов алдымен бұрынғы Сталин атындағы колхоздың төрағасы болып сайланған. Мұнан кейін 1960 жылға дейін бұрынғы «Екпінді» және Ленин атындағы колхоздарды байыпты басқарған. Ал, Жамбыл атындағы колхоз төрағасының орынбасары болып қызмет істеген.
Жамбыл атындағы колхоз Үкімет шешімім

ен совхозға айналғанда оның бір бөлімшесінің меңгерушісі болады. 1973 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан. Ерен еңбегі ескеріліп, Қазақ ССР-інің республикалық дәрежелі дербес зейнеткері атанған. 1988 жылы дүниеден өтті.
Шәкір Төлемісов азамат ретінде адамдарды әрдайым жақсы түсінді, жемісті жетекшілік еткен шаруашы-лықтардың қыр-сырын ұдайы ұғынды, өзі де, шын мәнінде, еңбекке әбден берілген жұмыскер жан еді. Сондықтан қай жерде бастық болса да, ұжымның нағыз өз адамы атанды, елдің жай-күйін білетін, әділ, принципті басшы болды.
…Ол жұмысқа жаяу барудан да арланбайтын. Колхоз мүшелерінің әрбірінің жағдайын, отбасын да жетік білетін. Бәрінің де үйіне бас сұғып, тірлік-тіршілігін өз көзімен көруден де жалықпайтын. Бұл қасиетін ол кісіні көргендер, білетіндер көп айтады.
Шәкір атамыз бен оның өмірлік серігі Қаншайым Шәкейбатырқызынан өрбіген ұрпақ өсіп-өнді, өркен жайды. Қазір Жамбыл ауылдық округі аумағында «Шәкір» шаруа қожалығы жұмыс істейді. Балалары мен немерелері осылайша еңбекті сүйген ер аталарының игілікті де іргелі ісін жақсы жалғастыруда.

* * *
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты бағдарламасында тарихты терең түсініп, ел дамуы жолында ерекше еңбек еткен азаматтарды ардақтау, туған жерге құрмет көрсету сияқты мәнді мәселелер де кеңінен қамтылғаны мәлім.
Мұның бәрі алдымен, әсіресе, тәуелсіз мемлекеті-міздің келешегі, егемен еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа, олардың отаншыл, елжанды болып өсуі үшін керек!
Осы орайда Шәкір сияқты аталарымыздың өмір және еңбек жолы да өнеге десек жарасар.

Берікбай ҚАДЫҚОВ.