Аталар мен аналарға алғыс көп

Аталар мен аналарға алғыс көп

Біздің қарияларымыз – еліміздің алтын қоры, салт-дәстүрдің шырақшылары, патриотизм мен іске адалдықты, асқан төзімділік пен табандылықты, қалыптастырушы буын.
Қазанның бірі – халықаралық Қарт тар күні болып белгіленген. Бұл тәуелсіз еліміздің дамуына және қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдеріне деген еліміздің үлкен құрметінің, зор қамқорлығының да белгісі.
Биыл Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев «Достық» мейрамханасында ақ жаулықты аналарымыз бен ардақты әкелерімізді қонақ етіп, құттықтады. Оның барысында қала басшысы ауданымыздың өсіп-өскендеуі жолында қажырлы еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қарттарға алғысын білдіріп, құрмет көрсетті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева және ауданымыз үшін абыройлы еңбек етіп, ерекше қажыр-қайратымен көзге түскен бірқатар зиялы қариялар мен ақ жаулықты аналар қатысты. Жиын Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт ұстаз Сейітхан Исаевтың ақ батасымен басталды.
Басқосу барысында аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева қарияларға «Зейнет жасында болсаңыздар да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қариялық болмыстарыңызбен жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар бере білулеріңізбен де қоғамның дұрыс дамуына зор үлес қосып отырғандарыңызға үлкен алғысымды білдіремін!» – деді. Өз кезегінде қала әкімі қарияларға ақ тілегін арнап «Ауданымыздың жылдар бойы қол жеткізген жетістіктері – сіздердің көп жылдық жұмыстарыңыздың нәтижесі. Сіздер ауданымыздың өндірістік қуатын құрып, дамудың берік іргетасын қаладыңыздар. Сондықтан көптеген жылдар бойы аянбай жұмыс істегендерініз үшін, осы уақытқа дейін бізбен бөліскен мол тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз үшін алғысымды айтқым келеді. Дендеріңізге саулық тілейміз, немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай, ортамыздың мәні мен сәні болып жүре беріңіздер!» – деді.
Сондай-ақ, басқосуда Раушан Белгібайқызы: «Жылда әр мереке сайын бізді сыйлап, құрметтеп, ақ дастархан басына ұмытпай шақырып тұратындарыңыз үшін қала басшысына деген ризашылығым шексіз!» – деді.
Мерекелік кеште бір-бірін көптен көрмеген ата-әжелеріміз әбден әңгіме-дүкен құрып, жас өнерпаздар әзірлеген концертті тамашалады. Сондай-ақ, қарттарымыздың мерекесіне арналған қала әкімінің іс-шарасы жақсы жалғасын тапты. Қаладағы бірнеше мейрамханаларда 200-ге жуық қарияларымызға қала әкімінің дастарханы жайылып, құрмет көрсетілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.