Өткен жылдың соңында Қарасай ауданына қарасты үш мектепке оқушылар тасымалы үшін бөлінген автобустардың пайдаланылмай, жасырын аулаларда тұрғаны анықталған еді.
Қоғам белсенділері бұл сұрақты бірнеше мәрте көтергенімен, еш нәтиже шықпады. Жергілікті білім бөлімі автобустардың босқа тұрғанын, облыстық басқармадан жанар-жағармайға қаражаттың бөлінбеуімен түсіндірді.
Ал, бүгін Қарасай аудандық білім бөлімінің инстаграм желісіндегі парақшасында төмендегідей мәлімет жарияланды.
"Қарасай ауданына қарасты үш орта мектепке "Семаз" ЖШС-нен жалпы құны 132 585 714,3 теңге болатын оқушыларды тасымалдауға арналған су жаңа 11 автобус сатып алынды.
Көкөзек орта мектебіне 4 дана Dong Feng автобусы, Еңбекшi орта мектебіне 1 дана Dong Feng автобусы, Кемертоған орта мектебіне 6 дана Dong Feng автобусы берілді.
Оқушыларды тасымалдауға арналған автобустарды күтіп баптауға, тасымалдауға кететін сұйық отын (дизель), жыл сайынғы техникалық қызмет көрсетуге, сақтандыру полисiне, май ауыстыруына, шығын материалдарын ауыстырып тұруға бюджеттен 15 140 752 теңгеге өтініш берілген".
Енді сұрақ: егер бұл автобустардың жанармайына қажет қаражат бюджетте қарастырылмаса, осынша миллион шығарып көліктерді не үшін сатып алды? Жазда күннің астында, қыста қардың үстінде, мектеп шаруашылығы меңгерушісінің ауласында қаңтарылып тұру үшін бе?