Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында және қасиетті рамазан айында қайырымдылық жасау мақсатында Алматы облысы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының ұжымы үлкен игі іс жасады, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған мамандар онсыз да тағдыр маңдайынан сипай қоймаған қамкөңіл балдырғандарға шексіз қуаныш сыйлады.
Алматы облысы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы Аян Тәңірбергенұлының айтуынша, бұл шараны өткізуге ұжым үлкен ауызбіршілікпен кіріскен. Осы мақсатта мүгедек баласы бар 22 отбасы салтанатты шараға шақырылған.
Жалпы, тақырыпқа тұздық ретінде айта кетсек, Алматы облысы бойынша 115 жеке сот орындаушы болса, олардың 27-сі Қарасай ауданы бойынша жұмыс істейді. Қазіргі таңда ауданда 3647 алимент өндіру бойынша атқару өндірістері бар. Соның ішінде 1780 атқару ісі борышкерлердің өз еріктерімен төлеу арқылы өндірілген, ал, 345 өндіріс бойынша борышкерлердің жалақысынан және тағы басқа кіріс қаражаттарын мәжбүрлі түрде өндіру жүзеге асырылуда. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін алимент өндіру атқарушы өндірістері бойынша балалардың пайдасына жалпы соммасы 19 196 751 теңгені құрайтын алимент өндірілген. Шара барысында білікті мамандардың жәрдемін көрген нәзік жандылар алғыстарын жеткізді.
Сондай-ақ, Әділет департаменті де бала тағдырына қатысты тікелей жұмыс атқаруда. Яғни, қазір алимент төлемдерін уақтылы орындау мақсатында аталған орган жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасымен және «Альянс ЖАСА» қоғамдық қорымен бірлесе меморандумға қол қойып, қыруар істі қолға алған. Олар жайында облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Қайрат Асанұлы ортаға шығып, баяндап берді. Сондай-ақ, мереке иелеріне жылы лебізін білдірді.
Бұл шара – балалар үшін де, аналар үшін нағыз мереке болды. Аталған игі іске атсалысқысы келген Қаскелең мәдениет колледжінің өнерпаздары жиналғандарды әсем әнмен тербеп, әдемі бимен тамсандырды.
«Бітер істің басына – жақсы келер қасына» деген халық тәмсілі тегін айтылған ба? Заң мамандарының бұл бастамасына шара өткен «Хама парк» мейрамханасының басшысы Серікхан Сәметұлы да барынша қолдау білдіріпті. Мерекенің соңы балдырғандарды тіптен қуантты. Өйткені, білікті басшысы Аян Тәңірбергенұлының бастамасымен сот орындаушылар қаражат біріктіріп, демеушілік жасап, жиналған 20-дан астам отбасының 72 баласына түгелдей сыйлықтар алған. Ал, аналарға түгелдей әлеуметтік азық-түліктен көмек көрсетілді.
Ия, қуанса – бала қуансын дегендей, бұл күні бірі армандаған қуыршағына, бірі аңсаған велосипедіне, сол сияқты тағы басқа сыйлықтарға ие болған балдырғандар қамқоршы ағаларына шынайы алғыстарын айтып жатты...