Б. Сапарбаев жобаға қатысушылар жұмыс істейтін өндіріспен, олардың өмір сүру жағдайымен танысып, қалашық аумағында орналасқан балабақшаны көріп, нәтижесінде қордың жұмысына оң баға берді.
Жеке бизнестің осындай әлеуметтік жобаларын бүкіл Қазақстан бойынша тарату қажет екенін атап өтті.
Министр қайырымдылық қорының ықпалымен Қаскелең қаласының маңайында орналасқан шағын қалашықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, аталмыш қордың атқарып жатқан бірқатар игі бастамаларына куә болды. Бердібек Машбекұлы алдымен осындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған баспаналарға кіріп, тұрғындардың жай-күйімен танысты. Ал, осындай тұрғын үйге мұқтаж жандар біз айтып отырған қайырымдылық қордың тіркеуінде міндетті түрде болуы керек. Ал, «Садақа» қоры мұқтаж жандардың тығырықтан шығуына демеу болмақ.
Министр осындағы 70 балаға арналған балабақшаны да көрді. Бұдан бөлек, құрылыс, шеберхана, тігін цехтарының жұмыс барысын көріп, ризашылығын білдірді.
Аталған мамандықтар жарты жыл ішінде оқытылып, даярлық курстан өткендерге арнайы сертификат табысталады. Бұдан бөлек, қор тарапынан мамандық меңгергендердің еңбекпен қамтылуына да көп көңіл бөлінеді.
Бір айта кетерлігі, осы тізбектелгеннен бөлек, бүгінгі кезде тұрмысы төмен 55 отбасына ай сайын 20 мыңнан 75 мың аралықта қаржылай да көмек көрсетілуде. Олар негізінен, көп балалы және жалғыз басты аналар, жетім-жесірлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар.