Коронавирус: Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймаққа енді

2021-01-16 08:18:13
Қазақстанның үш өңірі коронавирустың таралу қаупі бойынша «қызыл» аймаққа енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, 16 қаңтар күні «қызыл» аймаққа Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қостанай облыстары енгізілді.

«Сары» аймақта Алматы қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары тұр.

Қалған өңірлер - «жасыл» аймақта.

Еске салайық, кеше елорданың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа Қаулысы шықты. Оған сәйкес, қалада карантин талаптары қайта күшейтілді. Демалыс күндері ойын-сауық мекемелері жұмысын тоқтатады. Сондай-ақ сенбі-жексенбіде қоғамдық көлік қатынамайды. Бұдан бөлек, православ христиандарының Шоқыну мерекесіне орай жаппай суға шомылуға тыйым салынды.