Жұмыс беруші қашықтан жұмыс істеген қызметкерінің интернет пен жарыққа кеткен шығынын төлеуге міндетті – Кәсіподақ

2020-07-17 13:00:44
Жұмыс беруші қашықтан жұмыс істеп отырған қызметкерін жұмысқа керекті байланыс құралдарымен қамтуы керек. Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев журналистердің сұрағына жауап бере отырып, осылай мәлім етті, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

Оның айтуынша, егер жұмыс беруші қызметкерін тиісті құрал-жабдықпен қамтамасыз етпесе немесе оған құрал жабдықтың шығынын өндіріп бермесе, Еңбек кодексіне қайшы әрекет еткені.

«Сөзсіз, бұл (қашықтан жұмыс істейтін қызметкерге құрал-жабдық ұсынбау немесе байланысқа кеткен шығынды өндірмеу – авт.) еңбек құқығының бұзылғанын көрсетіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілген. Сол өзгерістерге сәйкес, «қашықтан жұмыс» деп аталатын 138 баптың екінші тармағында жұмыс беруші қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлерін тиісті байланыс құралдарымен қамтамасыз етуі керек деп жазылған. Егер қызметкер өз қаражаты есебінен, өз құралдарымен жұмыс істесе, жұмыс беруші оған қосымша құралдар беруге және интернетіне, электр қуатына кеткен шығынды төлеуге міндетті. Бұның барлығы екі тараптың келісімімен жүзеге асады», - деп түсіндірді Мұхтан Тінікеев.