СҚО-да бірін-бірі құтқармақ болған үш жас жігіт суға кетті

2020-07-17 13:00:44
Солтүстік Қазақстан облысында 24, 19 және 18 жастағы үш жас жігіт бір-бірін құтқарамын деп жүріп Есіл өзеніне батып кетті, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Игорь Жуковтың айтуынша, қайғылы жағдай 16 шілде күні сағат 15.30 шамасында Шал ақын ауданы Жаңажол ауылының маңындағы Есіл өзенінде болған. Алты бозбала Есіл өзенін кешіп өткен (Ол жерде өзеннің ені 50-60 метр, тереңдігі 1,5 метр болған). Ал, қайтар жолда соңынан келе жатқан 24 жастағы (1996 жылы туған) жігіттің аяғы тартылып, ағыс оны төмен алып кеткен. Жігіт жүзу білмеген. Достарының батып бара жатқанын көрген 2001 және 2002 жылы туған екі бозбала оған көмектеспек болған. Алайда, олар да жүзу білмегендіктен, үшеуі де суға кеткен.

«Аудандық құтқарушылар, полиция қызметкерлері, облыстық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері оқиға орнына шұғыл жетті. Қаза тапқандарды іздестіруге ауыл тұрғындары да көмектесті. Барлығы 32 адам, 3 техника және 3 қайық жұмылдырылды. Қаза болғандардың денелері тек екінші күні 17 шілдеде сағат таңғы 8.29 минутта табылды», - деді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.

Облыс бойынша 2019 жылы 12 адам суға кетті, олардың екеуі балалар. Биыл СҚО-да осымен 11 адам суға батып, көз жұмды.