Azattyq ruhy Президенттің кешегі үндеуі туралы пікір білдірген белсенділердің сөзін ұсынады
Кеше, 8 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телеарналар арқылы халыққа үндеу жасады. Үндеуінде президент денсаулық сақтау саласындағы жүйелі қателіктер туралы айта келе, қаза тапқан қазақстандықтарды еске алу үшін 13 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бүгін саясаттанушылар мен депутаттар, қоғам белсенділері үндеуге ой қосып жатыр. Azattyq ruhy әлеуметтік желідегі белсенділердің пікіріне шолу жасады.
«ТЫҢДАЙТЫН ҚҰЛАҚ ҚАЙДА» СЕНАТОР МҰРАТ БАҚТИЯРҰЛЫНЫҢ ПІКІРІ
Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын сенатор Мұрат Бақтиярұлы денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың індетке дайын емес екенін парламен талай айтты, бірақ, тыңдайтын құлақ болмады дейді. Сондықтан, коронавирустан өлген әрбір қазақстандықтың жақындары алдында бүкіл билік кінәлі деп санайды ол.
«Президент өзінің үндеуінде Үкіметтің, әсіресе Денсаулық сақтау министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың індетке қарсы нақты іс-шаралар жасамағандығы туралы ашық айтты. Толық қолдаймын. Бұл парламент қабырғасында да айтылған болатын. Тыңдайтын құлақ болмады. Өкінішке қарай, көптеген отандастарымыз дер кезінде нақты дәрігерлік көмек аламағандықтан, тиісті дәрі-дәрмектер жетпегендіктен өмірден озды. Бүкіл билік олардың алдында кінәліміз деп санаймын. Әлі де болса он мыңдаған адамдарға көмек қажет. Олар қатты қиналып жатыр. Бар күшімізді солардың өмірін сақтап қалуға жұмсайық. Үкімет абаттандыруға , жол салуға, т. б. қатысты шығындарды қысқартып, оның орнына қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуы керек. Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ», - дейді сенатор.
«ЖАҚЫНЫНАН АЙЫРЫЛМАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОҚ ШЫҒАР»
Оның бұрынғы әріптесі, қазір Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің арнайы мониторингтеу тобының жетекшісі Нұрлан Жазылбеков болса, қарапайым қазақстандықтар сияқты, Қасым-Жомарт Тоқаев та өлім-жітімнің көбеюіне қапаланып, үндеу жасаған.
«Өкінішке қарай, қазір жақынынан, досынан, танысынан айырылмаған қазақстандық қалмаған шығар. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқае қозғаған басты мәселе – вирус жұқтырған адамдарды емдеу, оларға дәрі-дәрмек жеткізу болды. Бұл бағытта мемлекеттік ұйымдармен қатар, қоғамдық ұйымдар да жұмыс істеп жатыр. Президент үндеуінде қайтыс болған қазақстандықтардың жақындарына көңіл айтты. Енді, 13 шілде – ұлттық аза тұту күні біз XXІ ғасырдың медицинасы құтқара алмаған адамдарды еске аламыз. Қазір ең қиын сәтте жұмыс істеп жүрген дәрігерлеріміздің алдында бас иеміз», - деген ол Президенттің кешегі үндеуі азаматтардың пандемияға деген көзқарасын өзгертіп, қоғамдағы мәселелерге биліктің назарын аудартады деген сенімін жеткізді.
«БАРЫНША ҚАШЫҚ БОЛУ АДАМ ӨМІРІН ҚҰТҚАРАДЫ»
Сенатор Ерік Сұлтанов болса, қазір азаматтар дәрігерлерге көмектесіп, карантин талаптарын бұлжытпай орындаса, бұл індетті де жеңеміз дейді. Ол елде нағыз кәсіби дәрігерлердің бар екенін, бірақ, бүкіл әлемдегі сияқты, олардың күші сарқылғанын және аман-сау жүрген дәрігерлер бәріне бірдей ем беріп үлгере алмайтынын айтады. Сондықтан, сенатор барынша қашықтық сақтау– бір адамның болсын өмірін арашалай алады дейді.
«Қателіксіз болмайды. Бұл пандемияға бүкіл әлем сияқты, Қазақстан да дайын емес еді. Ел билігі қателігін мойындады, бұл айтарлықтай батыл қадам. Кез келген адам қателігін мойындай алмайды. Әрине, жақынынан айырылған қазақстандықтар қайғыға душар болып отыр. Бірақ, дәл қазір ең басты мақсат вирусты одан сайын өршітіп алмау. Әрқайсымыз бір біріміздің барынша қашық болсақ, дүрбелеңге салынбай, эмоционалды әрекеттерге сенесек, кәсіби дәрігерлеріміз көмектесе алады. Осы дерттің салдарынан жақынын жоғалтқан әрбір отбасыға қайғырып көңіл айтамын», - деген Сұлтанов.
Если вы считаете, что материал нарушает авторские права или содержит недопустимый контент — сообщите нам:
Оставьте ваш комментарий (будет видно Ваше имя):
Комментарии