Катардан гуманитарлық көмек ретінде келген тауарлар елдегі дәріханаларда сатылып жатыр деген ақпарат әлеуметтік желілерде кең таралды, деп хабарлайды SputnikNews.kz.

Желі қолданушыларының бірі: "Қазақстанда дәрі-дәрмек таратудың жалғыз дистрибьюторы болып отырған "СК-Фармация" дәріханаларға денсаулық сақтау басқармалары арқылы тегін таратудың орнына, гуманитарлық көмекті сата ма?", - деп сауал тастайды.

Гуманитарлық көмекке қатысты компания жауабы

Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия төтенше режим кезінде "СК-Фармация" ЖШС-ны гуманитарлық көмекті таратудың бірыңғай операторы ретінде белгіледі, дейді компанияның баспасөз қызметі.

Бұл дистрибьютор қызметкерлері келіп түскен барлық гуманитарлық көмекті денсаулық сақтау министрлігімен келісіп, тарату тізімін құрып, тауарларды компания есебінен жеткізіп беру арқылы аймақтар арасында бөлу керек дегенді білдіреді.

"Біз АҚШ-тан, Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Жапониядан, Түркиядан, Үндістаннан, Біріккен Араб Әмірліктерінен және Пәкістаннан, ірі қазақстандық (Abdi Ibrahim, Қазатомөнеркәсіп, Bayer Қазақстан, "Текнолоджиз Қазақстан" ЖШС, "A.N.P.", ЖШС, "ABMG Expert" ЖШС) және әлемдік компаниялардан (Alibaba Foundation, Sandoz, АстраЗенека (Уси) Трейдинг Ко., Лтд., UNISO, Miniso, China Construction Bank, Abdi Ibrahim Turkey) келіп жеткен гуманитарлық көмекті таратып үлгердік", - делінген хабарламада.

Алайда, 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін "СК-Фармация" гуманитарлық көмекті тарату құқынан айырылған.

Катардан жеткен жүк: тарату мәселесі қалай шешілді
Жүк Катардан 21 мамырда жеткізілді. Медициналық мақсаттағы бұйымдарды бір реттік импорттауға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар медициналық мақсаттағы бұйымдарға ұсынылған жоқ. "СК-Фармация" ЖШС барлық қажетті құжаттарды беру мәселесін пысықтау үшін Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне сұрау жіберген.

Ал медициналық мақсаттағы бұйымдарды бір реттік импорттауға рұқсат тек 25 маусымда алынды, дейді компаниядағылар.

"СК-Фармация" денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 4 шілдеден бастап гуманитарлық көмекті үлестіру құқына қайта ие болды.

"Барлық қажетті құжатты алғаннан кейін бірден медициналық құрылғылар аймақтарға біркелкі бөлінді. Қазіргі уақытта олар бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында жатыр, денсаулық сақтау басқармаларына жіберілуге дайын", - делінген хабарламада.
Гуманитарлық көмек сатылуы мүмкін бе?
Сақтау қоймалары бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Қабылдау кезінде медициналық ұйымдар алынған тауарларды қатаң тексеріп, шот-фактураларды тексереді. Ал жауапты тұлғалар қабылдау-тапсыру актісіне қол қояды. Осының бәріне "СК-Фармация" жауап береді.

Гуманитарлық көмек аясында Қазақстанға Катардан медициналық мақсаттағы бұйымдар келді. Атап айтқанда, медициналық маскалар, қорғаныс костюмдері, көзілдіріктер бар.

11 мамырдан 4 шілдеге дейінгі аралықта "СК-Фармация" гуманитарлық көмекті үлестіру құқығына ие болмағандықтан, Қазақстанға келген көмекті қай мемлекеттік орган немесе ұйым реттегенін білу үшін Sputnik Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады.