Күлгін түсті Көбейтұзды 49 жылға жалға беру үшін конкурс жарияланды

2020-06-30 13:00:54
Ақмола облысы Ерейментау ауданына қарасты Көбейтұз атты көл қазір қазақстандықтардың, әсіресе, солтүстікқазақстандықтардың арасында, тіпті, Ресей туристерінің арасында танымал болып келеді. Оған дәлел – биыл карантинге қарамастан, туристік фирмалар арнайы «Нұр-Сұлтан-Көбейтұз» бағытында маршурт ашып, елордадан 6000 теңгеге күлгін түсті көлді көрсетуге дайын отыр. Ондай хабарламалар интернетте, әлеуметтік желілерде көп.

Көлдің күлгін түске боялуының, себебі әрине, бұған дейін де көп жазылған. Әлем бойынша «қызғылт түсті» ерекше оншақты көлдің бірі сияқты, Көбейтұздың астына да «Дуналиелла» бактериясы жиналып, ерекше түс береді. Көлдің суы өте тұзды. Көбейтұз бірнеше жылда бір рет күлгін түс жамылады. Биыл сондай сәтті пайдаланып, табиғаттың ерекше құбылысына куә болатын кез.

ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ КӨБЕЙТҰЗДЫ ЕНДІ ТАНЫМАҚ

Көбейтұздың емдік қасиеті, басқа да табиғи ерекшелігі туралы және көлге қалай, қанша сағат жүріп баруға болатыны туралы көп жазылып жүр. Азаттық рухы тілшісі ерекше көл облыстық деңгейде туристік нысан болып танылды ма, оны дамытып, қорғау үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінді, туристер арасында инвестиция салуға қызыққандар болды ма деген мәселелерді көтеріп отыр.

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сұрау салған соң, бізге "Visit Aqmola" туристік ақпараттық орталығының менеджері хабарласып, Көбейтұздың перспективасы туралы айтты. Жайнагүл Қаппасованың айтуынша, көлдің айналасында мүлде инфрақұрылым жоқ және әзірге көлді туристік нысан ретінде дамыту үшін инвестиция тартылмаған.

«Жалпы, әзірге көлге инвестиция салынып жатқан жоқ. Себебі, Көбейтұз бірнеше жылда бір рет күлгін түске боялатын көл. Біздің білуімізше, көл алдыңғы жылы күлгін түске боялды. Биыл тағы да қызғылттанады деп күтпеген едік. Өйткені, бұған дейін көлдің неше жылда бір рет боялатыны туралы ғалымдармен сөйлесіп, биыл түсі өзгермейді деген болжамда отырдық. Бірақ, биыл әдемі түске боялған соң, барамын деген азаматтарға Ақмола облысының туристік ақпараттық орталығы көлге қалай жетуге болады, оның қандай пайдасы барын айтып, ақпараттандырып отырмыз», - дейді Қаппасова.