«Екі дәрі 25 600 теңге». Алматылықтар пандемия кезінде бағаны өсіріп жіберген дәріханалар әрекетіне наразы

2020-06-29 15:00:47
Алматы дәріханаларында ұзын-сонар кезек. Пандемияға қарсы ем іздеген тұрғындар сағаттап кезекке тұрғанымен, қажетті препаратты таппай жатыр. Ал сатылымда бар дәрілердің бағасы бірнеше есе қымбаттап кеткен, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

Отбасы мүшелері тұмауратып жатқан тұрғындардың бірі – Тамара Жұбатханова. 13 немересі бар 60 жастағы әйел әулетімен ауырып қалған. Зейнеткер қаланы шарлап жүріп қажетті дәрісін әрең тапқан. Алайда, тек екі дәріге 25 мың теңге төлегенін айтады.

«Елімізде пандемия қатты тарап жатыр. Таныстарым да, дәрігерлер де ішуге кеңес берген дәріні тек Әуезов пен Ғабдуллин көшелерінің қиылысындағы орталық дәріханадан таптық. Он таблеткадан тұратын «Tamiflu» дәрісін бірнеше күн бұрын 8800 теңгеге алғанбыз. Кеше немерелерім де, қыздарым да, өзім де қайта ауырдық. Әлгі дәріні іздеп жүріп, Назарбаев даңғылының бойындағы орталық дәріханадан таптық. Бір қорабы 12 800 теңгеге дейін қымбаттаған. Мен өзім де, жолдасым да зейнеткерміз. 13 немерем бар. Екі қызым балаларымен қоса ауырып жатыр. Екі қорап дәріні 25 600 теңгеге алдық. Ары қарай не болады? Бұл не деген сұмдық?! Бейбіт заманда халықты тонау деген осы ма? Бұл әрекеттің бәрі – шектен шыққандық, өте ұят қылық деп білемін. Өз пайдаларын ойлап, халықты шет-шетінен қинап жатыр. Осы мәселеге бір шара қолданылса екен», - дейді зейнеткер Тамара Жұбатханова.

Дәріханалардың маңын торуылдаған тұрғындар көп. Коронавирустан үрейленіп қалған адамдар бағаның қымбатына да қарамай, табылғанына тәубе деп сатып алып жатыр.

«Коронавирусқа, пандемияға қарсы препараттарды дәріханалар сәтті пайдаланып, бағасын көз алдымызда сағат сайын көтеріп жатыр. Кеше барғанымызда 8000 теңге, бүгін таңертең – 12000, түстен кейін 14000 теңгеге саудалап отыр. Қала дәріханаларының қандай саясатпен жұмыс істеп жатқанын өз басым түсіне алмадым. Осындай қысылтаяң шақта, халық паникаға бой алдырып жатқанда өз қара басының қамы үшін қалайша ақша жасауға болады? Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қайда қарап отыр? Менің екі балам бар. 10 таблеткалы дәріні 14 000 теңгеге сатып алатын жағдайым жоқ. Мен мұны халыққа арнайы жасалған қастандық деп білемін», - деп ашынды шаһар тұрғыны Бибігүл Жақыпова.

Ал фармацевтика саласын қадағалайтын құзырлы мекеменің өкілдері алаңдауға негіз жоқ деп жауап берді. Адамдар қауесетке сеніп, дәріханаларға жаппай ағылып жатқанын айтады. Соның салдарынан сұраныс артып, дәрі тапшылығы туған. Бұдан бөлек, Ресей, Қытай сынды мелмекеттерден келетін импорт қысқарған.

«Жиі қолданылатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, атап айтқанда, дене қызуын өлшейтін құралдың бағасы өсті. Бұл ретте, көптеген азаматтар әлеуметтік желілердегі бейресми ақпараттарға және таныстарының кеңестеріне сүйене отырып, өз бетімен емделуге дәрілік заттар сатып ала бастады. Алайда, қаладағы көтерме сауда компаниялары мен дәріханаларда жүргізген мониторинг бойынша дәрілік препараттар жеткілікті. Бүгінде қаладағы дәріханалар мен қоймаларда парацетамол 24 370 қорап көлемінде бар. Сондай-ақ «Инкар» және «Медсервис плюс» дәрілік заттар компанияларына 450 мың қорап әкелінді және олар кедендік рәсімдеуден өткізілуде. Panadol, Эффералган, Фервекс, Coldrex және басқа да құрамында парацетамолы бар дәрілік заттар саны жеткілікті. Ацикловир дәрілік затының вирусқа қарсы ұқсас түрлері Ингавирин, Tamiflu, Кагоцел де жеткілікті көлемде. Сертификаттан өту үшін Ингавирин-90 дәрісі 68 480 қорап көлемінде жатыр және ол осы жылдың шілде айында сатылымға түседі», - деді Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Омарова.

Департамент өкілдерінің сөзінше, дене қызуын өлшейтін құрал тапшылығы бар. Оны жылдам жеткізу үшін көтерме фармацевтикалық компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қажетті құралдар мен дәрі өндіретін елдердің өзінде аталған тауарларға сұраныс жоғары болғандықтан (Ресей, Қытай Халық Республикасы), шекарадан ірі көлемде шығаруға шектеу қойылған.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз халықты әсіресе, антибиотиктермен өз бетінше, емделмеуге шақырамыз. Өйткені, оның соңы теріс салдарға әкеп соғуы мүмкін. Әлеуметтік желілерде пайда болған фейк-жаңалықтарға сенбеуге шақырамыз. Аурудың алдын алу мақсатында қазіргі уақытта жеткілікті дәрумендерге бай өсімдікті тамақтарды көп ішу қажет. Дәріхана ұйымдарына фармацевтикалық қауымдастық және тікелей рецептсіз өткізілетін дәрілік заттардың санын шектеуді ұсындық. Сондай-ақ, қала тұрғындары дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бағасының негізсіз өсуіне байланысты, Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне шағымдануға (eGov.kz, Аlmaty.open арқылы) құқылы. Дәріханалар – жеке кәсіпкерлік нысан, сондықтан оларды тексеру үшін негіз қажет», - деп жауап берді департаменттің өкілі.