Қазақстан қыркүйек айында коронавирусқа қарсы вакцинаны адам ағзасында сынап көреді

2020-06-19 11:00:43
Қазақстандағы биотехнологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми зерттеу институты коронавирустық инфекцияға қарсы үш платформада 5 түрлі вакцина әзірлеп жатыр. Бұл туралы жұмадағы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

«Біріншісі – инактивацияланған вакцинация. Ол химиялық заттар әсерінен бейтараптанған вирустарға негізделген. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тексеріп, өз тізіміне енгізді. Екіншісі – рекомбинатты суббірлікті вакциналар, үшіншісі – рекомбинатты векторлық платформа негізіндегі вакцина», - деді министр.

Оның сөзінше, қазіргі сынақтар «сәтті өтіп жатыр». 15 мамырда кандидаттық инактивацияланған вакцина тышқандарға егіліп, қауіпсіздігі мен иммуногендігі тексерілген.

«10-23 маусым аралығында вакцинаның уыттылығы мен аллергиялық қасиеттері зерттелді. Маусым-шілде айларында жануарларға – приматтарға егіліп, әрі қарай вакцинаның иммуногендігі зерттеліп, қыркүйек айында клиникалық зерттеуге көшу жоспарда бар», - деді Аймағамбетов өз баяндамасында.