Нұрмұхаммед Байғараев: Тіл меңгер, еркін өмір сүр, байлығыңды еселей түс

2020-06-19 09:00:44
Ұйғыр ауданындағы жанжал Қордайдағы оқиғаны қайталады. Қарапайым жол бермеу ұлтқа бөлініп, төбелесуге ұласты. Оны аудан атауын өзгертуді қарастырамыз деп жылы жауып қоя салуға болмайды.

Алайда ұйғыр мен дүнген факторы басқаша. Мәселен, ұйғырдың біразы қазақ тілін меңгерген. Студенттік кезде оған талай көз жетті. Алматы облысында олар қалың шоғырланғанымен, дүнген сияқты оқшаулану, изоляция жоқ. Бұдан бөлек, жергілікті эконом.ресустрарды ұлттық белгімен бөлісу деген анық сезілмейді. Дегенмен, Жетісуда ұйғырша жер-су атаулары бар. Жамбыл облысында негізінен қазақша атаулар.

Мейлі, ал енді не істеуге болады? Әдеттегі ақсақалдар кеңесін құру, Ассамблея депутаттарын жіберу, вице-премьерді аттандыру, әскер кіргізу - бәрі де уақытша шара, өрт сөндіру амалы.

Меніңше, келесі шаралар қабылданбаса, үкімет елдің әр бұрышында осындай "өртпен" күресе береді. Әрине, бұл тек жеке пікір, ұсыныс:
1) Ұлтына қарамай әр адамның барлық құқығын толық қорғау. Өзін қауіпсіз сезінген адам оқшауланбайды, ұлтына қарап, топ іздемейді. Ол заңға жүгінеді.

2) Жергілікті, орталық билік аппаратына өзге ұлт өкілдерін араластыру. Яғни, әлеуметтік әділеттілік. Биліктен шеттетілгендер мәселесін не парамен шешеді, не бизнеске кетіп, амалсыз өзара топтасады. Бізді бәрібір өсірмейді деп мем.қызметке әдейі бармаған татар қыздың шағымын естігем. Мысалы, кей министрліктерде қазақтардың үлесі 92%

3) "Серпін" бағдарламасымен оқшауланған этностық топтардың жастарын елдің әр облыстарына ерікті түрде көшіру, өзгелермен араластыру. Барған соң жәрдемақыларын толық беру. Бір аймақта бір этностың көбеюі қаншалық қауіпті екенін Қырым дәлелдеді.

4) Аймақтарда ұлтына қарамай жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікке кеңінен тарту, білім бағдарламаларына қатыстыру, Білімді, жұмысымен қолы босамайтын кісінің жанжалға араласуға уақыты да жоқ, мәдениеті де жібермейді

5) Мемлекеттік қазақ тілін меңгертуді жеделдету. Біз өзге ұлт өкілдерімен қазақша сөйлеуіміз керек. Бұл процесс қажеттілікке айналуы тиіс және ешкімде ыңғайсыздық сезімін туғызбауы керек. Аталған жұмысты жанжал жиі шығатын оңтүстік облыстарда үдеткен абзал.

6) Ұлтаралық қатынас тақырыбында әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар жиі жүргізілу керек. Ең бастысы - оның нәтижелері жариялану қажет. Қоғам оны білуге құқылы. Құпия деп деп кабинеттерде шаң басып жатқаннан пайда жоқ.

7) Ұлтаралық байланысты нығайту мақсатында жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға гранттар бөліну керек. Себебі әлеуметтік жобаларды билікке қарағанда жеке ұйымдар тиімді жүзеге асырады.

8. Этностар араласа жайғасқан аймақтарда жер, су секілді маңызды ресурстардың тек бір этнос өкілдеріне берілмеуін бақылау. Балансты сақтау.

P.S. Меніңше, осылайша "Қазақстан - барлық ұлт өкілдеріне өмір сүруге ыңғайлы қазақтілді мемлекет" концепциясын іске асыруымыз қажет секілді. Яғни, Лондон не Нью-Йорк секілді. Тілді меңгер, еркін өмір сүр, білім ал, байлығыңды еселей түс, сен қауіпсіз ортада өмір сүресің деген месседж.


Нұрмұхаммед Байғараевтың әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы