Түрмеге әскер кіргізілді ме: Маңғыстаудағы оқиғаның мән-жайы

2020-06-15 09:00:42
Маңғыстау облысында сотталушылардың жазаларын қалай өтеп жатқандығы олардың туған-туыстары мен құқық қорғаушыларға көрсетілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұған дейін Маңғыстау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ГМ-172/6 мекемесі маңына сотталушылардың туыстары жиналған еді. Оған аталған мекемеге әскер кіргізіліп, сотталушылар соққыға жығылды деген қаңқу сөз себеп болған.

«Құқық қорғау ұйымдарының өкілдері колонияны карантинге байланысты барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып аралап шықты. Түрмені аралау барысында сотталушылардан «мекемеге әскер кіргізді ме?» деп сұрап, оған «жоқ» деген жауап алды. Мұның барлығы бейнетаспаға түсіріліп отырды. Келушілер түрме асханасын, демалыс клубын, жатын орындарды аралап көрді.

Мекемені аралап шыққаннан кейін құқық қорғаушылар туыстары түрме жанында жиналған сотталушылармен жеке-жеке әңгімелесті. Олардан мекеме қызметкерлері немесе сотталушылар тарапынан «ұрып-соғу болды ма?» деген сұраққа жауап алынды. Сонымен қатар бұған дейін телеарнадан видеоүндеуі көрсетілген сотталушы да әңгімеге тартылды. Құқық қорғаушылар оған кінәлі тұлғалар міндетті түрде жазаға тартылатынын айтты. Алайда, жалған айыптау болса, онда өзінің де жауапкершілікке тартылатынын ескерте отырып, шағым жазуды ұсынд», - делінген ақпаратта.

Бірақ сотталушы шағым жазудан бас тартқан.

«Мұнан бөлек, құқық қорғаушылар аталған факті бойынша сотталған азаматтың өтінішімен қылмыстық іс қозғалғандығын түсіндірді. Қазіргі уақытта аталған материалды облыстық прокуратура қарап жатыр.

Құқық қорғаушылар түрмені аралап шыққаннан кейін сотталушылардың туыстарымен кездесіп, оларға мекемені аралау барысында түсірілген видеоматериалды көрсетті», - деді ҚР ІІМ-нен.