Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында "Атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізу туралы" заңды қабылдады. Аталған құжат жала жапқаны үшін жауаптылықты қылмыстық сипаттан арылтуды көздейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов аталған заң жобасына өзгеріс енгізуге Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткенін айтты.

2011 жылдан бері жеке сот орындаушыларының саны біртіндеп өсіп 600-ден 2700 жетті. 2016 жылдан бері санға емес, сапаға баса мән беріледі. Сот билігінің беделі мен заңның қолданысы да сот орындаушыларының жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан заң жобасының негізгі міндеті атқарушылық іс жүргізуде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Оның ішінде борышкердің мүлкін адал жолмен алған адамдның құқығын қорғау болып табылады,-деді ол.

Заң жобасын әзірлеуге ғалымдарды, заңгерлер және бұл жағдайға немқұрайлы қарамайтын белсенділер тартылған.

Әлемдік практиканы зерттедік. Заңнамаға енгізілетін түзетулерді бірнеше шартқа бөлуге болады. Оның қатарында азаматтардың елден сыртқа шығуы жөніндегі конституциялық құқықтарын қорғау мәселесі бар. Бұл үшін біз елден шығуға уақытша шектеу қою мерзімдерін, тәртібі мен негіздерін және оның күшін жоюды қайта қарауды ұсынып отырмыз,-деді депутат.

Сенат депутаты Андрей Лукин аталған заң қолданыстағы атқарушылық іс жүргізу және қылмыстық заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталғанын және мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін айтты.

Сенат отырысына қатысып отырған 46 сенат бірауыздан заңның қабылдануын қолдап дауыс берді.