Бас сарапшы: Желіде тараған вакцина туралы видео – жалған

2020-05-06 15:00:49
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.


Бас сарапшы әлеуметтік желіде тарап кеткен вакцинаға қатысты бейнежазбаның жалған ақпарат екендігін айтты.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілердегі мессенджерлерде халыққа жаппай вакцина егу және оқушыларды чиптау бойынша аудиожазбалар мен бейне жазбалар тарап кеткені рас. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде бұл ақпараттың жалған екендігін айтады. Ешқандай вакцина да, чиптау да өткізіліп жатқан жоқ. Осыған байланысты барлық тұрғынға әлеуметтік желіде таралып кеткен өтірік ақпаратқа сенбеңіздер деп айтқым келеді. Барлық ресми ақпаратты тек қана министрліктің ресми сайтынан көре аласыздар, - деді Нұршай Әзімбаева.

Сонымен қатар, ол осы жалған ақпаратты тартқан адам ҚР 204-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жазаға тартылатынын айта кетті.

Сондықтан осындай ақпараттар тарату барысында болашақта қандай жаза күтіп тұрғанын білгендеріңіз жөн, - деді бас сарапшы.
Просмотров материала: 0