Ата-аналар науқас балаларына қажет дәрі-дәрмекті таппай отыр

2020-04-28 11:00:50
Ата-аналар науқас балаларына қажет  дәрі-дәрмекті таппай отыр
Елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы тағы туындады. Бұл жолы «муковисцидоз» дертіне шалдыққан науқастарға қиын болып тұр. Үкіметтен тегін үлестірілетін препарат дәріханалардан табылмай жатыр. Тіпті, былтырғыны есептемегенде, биылдың өзінде 4 айдың дәрі-дәрмегі қолданылмай, мерзімінен өтіп кеткен. Соның кесірінен, кейбір науқастың денсаулығы күрт нашарлап барады дейді біздің арнаға шағымданған ата-ана. Ал, салаға жауапты мамандардың жауабы қандай дейсіз ғой? Сол баяғы қағазбастылық. Мемлекеттік сатып алу байқауының жеңімпазын анықтай алмай жүрміз дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Шымкенттік Вера Смирнованың ұлы сирек кездесетін дертке шалдыққан. 6 жасар Виктор «муковисцидоз» атты генетикалық аурумен ауырады. Сондықтан, бүлдіршінге үнемі күтім қажет. Әрдайым уыс-уыс дәрі ішіп, балама терапия жасайды. Ұлының өн бойына жабысқан дерттен айықтыру үшін ата-анасы дәріханадан тегін дәрілер алып жүрген. Алайда, соңғы уақытта ол да жоғалып кетті, дейді.

Вера Смирнова, науқастың анасы:

«Былтыр Шымкентте науқас балалар колистиметат натрий препаратының 3 курсын қабылдай алмады. Себебін білу үшін, Денсаулық сақтау басқармасына хат жолдадық, «СК-Фармацияға» хабарластық, әлеуметтік желілерге шықтық алайда ешбірінде жәрдем болмады. Міне, биыл тағы да 4 ай өтті, әлі жоқ».

Препараттың тапшылығынан Вераның әр күні күйзеліспен өтуде. Үкіметтен тегін берілуі тиіс «тобрамицин» және «колистиметат натрий» дәрісі емге табылар емес. Дер кезінде пайдаланбағандықтан перзентінің денсаулығы да көз алдында кері кетіп бара жатқан көрінеді. Айтуынша, аталмыш дәрі-дәрмектер кезінде жергілікті бюджеттен сатып алынып келген екен. Тек кейіннен мемлекеттік сатып алу байқауын ұйымдастыру мен өткізу біріңғай дестрибютер компаниясына жүктелген соң осындай түйткіл туындапты.

Вера Смирнова, науқастың анасы: «Өкінішке орай, Шымкентте дерттің осы түріне шалдыққан 18 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Ата-анасына обал әрине. Біз балалардың бақытты өмір сүргенін қалаймыз. Сондықтан, Үкімет осы мәселені ертерек шешіп берсек екен».

«Тобрамицин» және «колистиметат натрий» дәрі-дәрмегін сатып алу үшін бірыңғай дистрибьютер компанияның Шымкенттік өкілдігі былтыр бірнеше мәрте тендер жариялапты. Алайда, мемлекеттік сатып алу байқауына ешбір компания өтініш бермеген екен. Соның салдарынан аталмыш препараттар сатып алынбаған. Кейінен ұйымдастырушылар препараттардың бағасын қайта қарап, байқауды өткізген. Бірінің қорытындысы 20-шы мамырдан кейін белгілі болса, екіншісі, тағы да тендерге жарияланады, дейді жауаптылар.

Ұлжан Нұғманова, «СҚ-ФАРМАЦИЯ» компаниясының Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің басшысы:

«2020 жылы медициналық ұйымдар 156,9 млн теңгеге «Тобрамицин» препаратының 41524 капсуласын сатып алуға өтінім берді. «натрий колистиметат» препаратын медициналық ұйымда 38,4 млн теңгеге 19 270 флаконға өтінім берді. Дәрілік заттапды сатып алу үшін өндірушілермен тұрақты түрде келіссөздер жүргізілуде».

Дегенмен, ақжағалылар төтенше жағдай режіміне қарамастан, өңірлерге дәрі-дәрмектер толық жеткізілген деп есеп берді. Биылға 1385 атаулы препаратты 259 млрд теңгеге сатып алу жөнінде келісім-шартқа қол қойылғанын және оның ішінде 27 млрд теңге болатын дәрі-дәрмектер науқастарға тегін таратылып, берілген айтады.

Берік Шәріп, «СҚ-ФАРМАЦИЯ» ЖШС басқарма төрағасы:

«Әрине, бірен-саран дәрі-дәрмек үшін бізде кішкентай жеткізу мәселері туындап жатыр. Әсіресе, Үндістан мемлекетінде шекара жабық осы сәуір айынан бастап. Сол себептен, бір екі мәселелер қиындап тұр. Бірақ, біз қазір бұл мәселелерді шешіп жатырмыз».

Үкіметтің тегін препаратына қол жеткізгенше, науқас пен оның ата-анасы жандарын шүберекке түйіп жүре тұруларына тура келеді. Өйткені, дәрі-дәрмекті жеткізуші жеңімпаз қашан анықталып, өңірлерге қай уақытта жеткізілетіне әзірге белгісіз.