КВИ-мен күресіп жатқан медқызметкерлерге 3,3 млрд теңгеден астам үстемақы төленді

2020-04-23 15:00:51
КВИ-мен күресіп жатқан медқызметкерлерге 3,3 млрд теңгеден астам үстемақы төленді
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов коронавирусқа қарсы іс-шараларға атсалысып жатқан медициналық ұйымдарды қаржыландыру туралы хабарлады, деп жазады AzattyqRuhy.kz.

Бұрын хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрлігі эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медициналық қызметкерлерді көтермелеу туралы шешім қабылдаған. Қызметкерлердің жалақысына үстемеақы белгілеу ережелері әзірленді, алушылардың тізімі мен төлем мөлшері анықталды.

«Медициналық қызметкерлерге үстемеақы тәуекел топтарына байланысты төленеді: 212,5 мың теңгеден (5 ТЖМ) 850 мың теңгеге дейін (20 ТЖМ). Үстемеақы алушылардың тізімдерін жедел штабтарда құрылған аймақтық комиссиялар құрайды. Комиссия төрағалары әкім орынбасарларынан тағайындалады. Комиссиялардың құрамына денсаулық сақтау бөлімдерінің, өңірлік бас мемлекеттік санитарлық дәрігер, үкіметтік емес ұйымдардың және т. б. өкілдері кіреді», - деді ол.

Үстемеақы республикалық бюджет есебінен төленеді. Комиссия ұсынған тізімдерге сәйкес төлемді Қор тағайындайды.

«Жалпы бұл мақсатқа 35,7 млрд теңге бөлінген. Қор стационарлармен келісім-шарттар жасады. Наурыз айы бойынша төлемдер жүргізілді: 17,4 мыңнан астам медициналық қызметкерге 3,3 млрд теңгеден астам қаражат жіберілді. Ең көп сома Алматыдағы және Нұр-Сұлтандағы медициналық қызметкерлеріне төленді - шамамен 1,9 млрд теңге», - деп атап өтті.

Медициналық сақтандыру қоры басшысының айтуынша, болжам бойынша қолдау көрсетілетін медициналық қызметкерлердің саны екі есеге дейін артуы мүмкін.
Просмотров материала: 0