Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды

2020-04-17 15:00:42
Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды
Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу туралы сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов баяндады.

Баяндамаларда Қазақстанда түрлі азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті екені айтылды. Қор үнемі толтырылып отырады, сондықтан олардың тапшылығы болмайды.

Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, белгілі бір тауар түрлерінінің тапшылығы болуым мүмкін болса, дер кезінде әрекет ету үшін азық-түлік қорына, оның өндірісінің теңгеріміне және өңіраралық тасымалына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.

«Біз аса әлеуметтік маңызы бар 9 түрлі азық-түлік тауарларының шекті бағасын бекіттік. Бағаны ұстап тұрудың тиісті тетігі бар. Дегенмен, бірқатар өңірлерде кейбір азық-түлік өнімдерінің шекті бағасы бірден өсуі байқалып отыр. Әкімдіктерге мұндай фактілерге жол бермеуді және осы мәселені жеке бақылауға алуды тапсырамын», - деді А. Мамин.

Премьер-министр өңірлік тұрақтандыру қорларында азық-түліктің қажетті қорын қамтамасыз етуді тапсырды.
Просмотров материала: 0