Ерлан Қарин «Uzyn Qulaq» каналы жайлы: «Президент жүргізіп отырған саясатқа зиянын тигізіп отыр»

2020-04-16 13:00:38
Ерлан Қарин «Uzyn Qulaq» каналы жайлы: «Президент жүргізіп отырған саясатқа зиянын тигізіп отыр»
Қазақстан Президентінің кеңесшісі, саясаттанушы Ерлан Қарин әлеуметтік желілерде анонимді хабар тарататын телеграм каналдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

«Соңғы кездері менен бірқатар телеграм каналдарда жарияланатын жазбаларға қатысты жиі сұрайды. Осыған байланысты түсінік бере кетейін. Расымен де, әлеуметтік желіде анонимді және жалған ақпарат тарататын (Uzyn Qulaq, Страшный жуз, Записки Аксакала және т.б.) телеграм каналдар көбейіп кетті. Сондай-ақ аталған каналдарда жекелеген құрылымдар мен тұлғаларға мақсатты түрде ақпараттық шабуыл ұйымдастырылады және жазбалардың тапсырыспен жарияланатыны көрініп тұрады», - деп жазды ол.

Президент кеңесшісі «Uzyn Qulaq» каналына ерекше тоқталып өтті.

«Әсіресе, ашық түрде фейк ақпарат тарататын «Uzyn Qulaq» дейтін каналды айтуға болады. Каналдың атауының өзі айтып тұрғандай, мұнда әртүрлі алып-қашпа әңгімелер, өсек-аяңға толы ақпараттарды шала сараптамаға сүйеніп, өтірікті шындай етіп жазады. Бұл каналда Елбасы мен Президентке, мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларына және бизнес өкілдеріне қатысты лас әңгімелер мен жалған ақпараттар айтылады. Тапсырыс берушілер мен орындаушылар жалған ақпарат таратудың тәсіліне салып, кез келген теріс ақпаратты айқайлатып, сенімді етіп көрсетуге тырысады», - дейді.

Ерлан Қарин мұндай анонимді ресурстар қоғамда дүрбелең туғызатын вируспен тең деп есептейді.

«Мұның барлығы ақпараттық майдан жасап, элитаны бір-біріне қарсы қойып, жағдайды ушықтыру мақсатында әдейі жасалып отыр. Олардың билік пен қоғамның назары коронавирус эпидемиясына ауғанда белсенді әрекет етуі бекер емес. Бұл каналдың әрекеті Президент жүргізіп отырған саясатқа тікелей зиянын тигізіп отыр. Мұндай ресурстардың арандатуға ашық жол беруі - ақпараттық қастандықпен бірдей. Бүкіл әлем мен елімізде болып жатқа қазіргідей жағдайда кез келген фейк ақпарат – ақпараттық вирус. Яғни, қоғамда дүрбелең мен хаос туғызатын вирус», - деп жазды ол.

Саясаттанушы мұндай жобалардың қызметіне Құқық қорғау органдары заң аясында шара қолданады деп сенеді.

«Бірінші кезекте, осыны жасап отырғандар отпен ойнап отыр. Мұндай жобалар бұрын да көп болған және оның соңы немен аяқталғанын біз жақсы білеміз. Араздықты қоздыратын, жік-жікке бөлінуге апаратын кез келген әрекет заңмен қатаң жазаланады. Осы тұрғыда Құқық қорғау органдары аталған анонимді каналдардың жұмысын мұқият зерттеп, қолданыстағы заң аясында тиісті шаралар қолдана отырып, құқықтық баға беруі керек деп есептейміз», - деп түйіндеді.

Естеріңізге сала кетейік, саясаттанушы Ерлан Қарин «Азат алаң» жобасына сұхбат беріп, жоғарыда аты аталған телеграм каналдарға қатысты айтып өткен болатын.