Алматыда толассыз жауған жауын салдарынан тұрғын үйлерді су шайып кетті (ВИДЕО)

2020-04-15 09:00:48
Алматыда толассыз жауған жауын салдарынан тұрғын үйлерді су шайып кетті (ВИДЕО)
Алматыда толассыз жауған жауын салдарынан тұрғындар зардап шегіп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тәуліктік жауын-шашынның мөлшері 36 мм-ге жеткен, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

Жаңбырдан Алатау, Бостандық, Алмалы және Жетісу аудандарындағы көшелер мен тұрғын үйлердің аулаларын су басқан. ТЖД мамандарының айтуынша, тұрғындар арықтарды тұрмыстық қалдықтармен, яғни қоқыспен бітеп тастаған.

Алматыда толассыз жауған жауын салдарынан тұрғын үйлерді су шайып кетті (ВИДЕО)

«Қарасу шағынауданындағы Аралқұм көшесінде, Алатау ауданындағы Кудерин көшесін судан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетісу ауданына қарасты Зубарев және Бостандық ауданындағы Мыңбаев көшелеріндегі үйлерді мамандар судан тазалап жатыр. Қалқаман-2 шағын ауданындағы Ер-Жәнібек көшесіне де құтқарушылар барды. Алмалы ауданындағы Мұқанов көшесінің бойында үйлердің аулалары судан тазартылып болды», - деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Алматыда жауын-шашынның мөлшері айлық нормадан 12% артық жауып, тек сәуір айының басынан бері 118 мм құраған. 2019 жылы қаланың аумағында су басу мүмкіндігі жоғары 26 орын анықталған. Бүгінгі күнге дейін 9 учаскеде қауіп жойылса, қалған 17 учаскеде биыл құрылыс жұмыстары жүргізілмек.



«Соңғы 3 жыл ішінде қала аумағында 380 шақырымнан астам арық жүйесі жаңартылып, 40 шықырымға жуық өзен арналары нығайтылған. Аталған шаралардың нәтижесінде қала аумағындағы су басу жағдайларын 3 есеге төмендетуге мүмкіндік берді. Биылғы су басу кезеңіне қаланың азаматтық қорғау қызметтерінен жинақталған 6481 адам, 1370 техника, 144 сорғыш, 13 мың қап құм, 70 тонна инертті материалдар дайындалды», - деді ТЖД баспасөз қызметі.