Халық «Жүректен жүрекке» волонтерлар тобына үш күнде 1 миллион теңге жинап берді

2020-04-09 17:00:36
Халық «Жүректен жүрекке» волонтерлар тобына үш күнде 1 миллион теңге жинап берді
Ақтөбедегі «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы қарапайым халықтың көмегімен бұрын соңды жиналмаған қаражатты жинады. Олар елімізде болып жатқан жағдайға байланысты мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етпек, деп хабарлайды AqtobeDAY.

Осыған дейін Ақтөбеде белсенді еріктілерден штаб құрылған болатын. Олар өңірдегі кәсіпкерлердің алып берген азық-түлігін көмекке мұқтаж жандардың үйлеріне жеткізіп беріп жүрді. Дегенмен құрылғанына 5 жылдан асқан «Жүректен жүрекке» еріктілер тобынан көмек сұрайтын халықтың саны күн санап артқан. Топ мүшелері ойлана келе, арнайы шот ашып, қарапайым халықтан қаражат жинайтын болып шешім қабылдайды.

«Телефонға, ватсап желісіне хабарласатындар көбейіп кетті. Жұмыстан қысқарып қалғандарын айтып, қызметтен босағандарын жеткізді. Еден жуып, мейрамханаларда кешкісін ыдыс жуып жүрген жандар жұмыстарының тоқтап қалғандарын айтатын. Хабарласатындардың көбі жалғызбасты, көпбалалы аналар. Сол себепті оларға көмек керек. Күнделікті табыс тауып, бала-шағасын асырап отқан жандар ғой. Содан кейін бізде ұзағырақ ойланып осындай шешімге келдік. Өзіміз шот ашып, соған халықтан қаржы жинасақ деп ойладық. Әлеуметтік желі арқылы халықты қайырымдылық жасауға шақыруды жоспарладық. Неге жалғызбасты, көпбалалы отбасыларға көмектеспеске деген ой болды», — дейді жоба жетекшісі Әлішер Садық.

Содан бірден шот ашып, әлеуметтік желіге жазба қалдырған. Үш күнде 900 мыңнан артық қаржы жиналды. Әлі де салып жатқандар бар.

«Басында 300 мың жиналатын шығар деп ойладық. Қиын кезеңде біздің қайырымдылық жасаумызға мол мүмкіндік жасап жатқан жандар көп. Барлығы дерлік қарапайым жандар. Кәдімгі студенттер, қала тұрғындары. Тіптен республиканың әр аймағынан 5 мың, 10 мың, бірі 2 мың, 500, 100, 121 теңгеге дейін салып жатқандар бар. Өздерінің шоттарында қалған соңғы тиындарына дейін қайырымдылыққа аударып жатыр. Сонау Кореяда жұмыс жасап жатқан досымыз да көмек қолын созып, 5 мың теңге аударып жіберген. Шыны керек, халықтың қолдауы ерекше. Осындай қиын сәтте әрқайсысы жан-жақтан шынайы пейілімен ұсынып жатқан қаржылары. Бізді қатты қуантты. Бейбіт өмірде де осындай бірлікте болсақ деген тілегіміз бар. Бұрын осындай үлкен көлемде қаражат жиналған жоқ. Осындай ауқымды қаражат бірінші рет жиналып тұр. Бұрын соңды үш күннің ішінде еріктілердің қолдауымен млн. теңге қаражат жиналды дегенді естімеппін , — дейді «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының мүшесі Әлішер Садық.

Негізі, топ мүшелері бүгін азық-түліктерді алып, халыққа таратамыз деген ойда болған. Дегенмен облыстық жастар саясаты басқармасынан карантинге байланысты 4-5 күнге шегере тұрсаңдар деп өтінішін білдіріпті.

«Қазір карантинге байланысты қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан адам көп шоғырлануға болмайды деген ережелері бар. Бұйырса 4-5 күннен кейін мұқтаж отбасыларға мейлінше бір айға жететіндей азық-түлік апарып бергіміз келеді. Әрқашан да көмек қолын созып жүрміз. Жыл басталғалы осы жиналған қаржыны қосқанда 2,5 млн-ға жуық көмек бердік. Бұрын бір отбасыға 10 мың теңгеге азық-түлік алатын едік. Қазір енді заттар қымбаттап кетті. Бағалар күннен күнге көз алдымызда көтеріліп жатыр. Сол себепті әр отбасыға 15 мыңнан бөлеміз. Бұрын осындай үлкен көлемде қаражат жиналған жоқ. Осындай ауқымды қаражат бірінші рет жиналып тұр. Бұрын соңды үш күннің ішінде еріктілердің қолдауымен млн. теңге қаражат жиналды дегенді естімеппін», — дейді Әлішер Садық.

Айта кетейік, еріктілер тобы осыған дейін 13 наурыз күні көмекке мұқтаж 10 отбасыға азық түлік таратқан болатын.
Просмотров материала: 0