Сенатор жанар-жағармайды 50%-ға арзандатуды ұсынды

2020-04-09 13:00:37
Сенатор жанар-жағармайды 50%-ға арзандатуды ұсынды
Парламент Сенатының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев егістікпен айналысатын шаруалар үшін жанар-жағармай бағасы әлі де қымбат екенін айтты, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

«Мұнай бағасы 2,5 есе төмендеді. Ал біздің мұнай өңдеуші зауыттардағы дизель отыны 10%-ға арзандады. 1 наурызда дизель отынының 1 тоннасы 194 мың теңге болса, бүгін 174 мың теңгені құрап отыр. Яғни, 1 литрі – 175 теңге. Оған транспорт және сақтау шығындарын қосқанның өзінде, 160 теңгеден аспайды. Олай болса, неліктен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 165 теңгеден алуы керек? Өзімізді алдаудың қажеті қанша?», - деп Үкіметке депутаттық сауал тастады ол Сенат отырысында.

Депутат шаруалар үшін жанар-жағармай бағасы қазіргіден әлдеқайда арзан болуы тиіс деп есептейді.

«Көктемгі дала жұмыстары үшін арзандатылған жанар-жағармай бағасы көшедегі май құю бекеттеріндегі емес, мұнай өңдеу зауыттарындағы бағадан 15%-ға төмен болуы тиіс. Осыларды ескере отырып, Үкіметке көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін жанар-жағармайдың бағасын қазіргі бағамен салыстырғанда 50%-ға дейін арзандатып, шаруаларға уақытылы жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», - деді Ә. Бектаев.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызда жасаған мәлімдемесінде Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндетін жүктеді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатынын да айтқан.
Просмотров материала: 0