«Бір келі күл 100 теңге»: Павлодар облысында тұрғындар күл сатып, күнелтіп жүр

2020-03-30 11:00:40
«Бір келі күл 100 теңге»: Павлодар облысында тұрғындар күл сатып, күнелтіп жүр
Павлодар облысында жұмыссыз тұрғындар күл жинап күн көріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті тұрғындар күлге таласып, жаға жыртысуға дейін баратын болған. Көл бетінде көбікпен бірге қалқыған күлді алу үшін, адамдар топталып барады. Жалғыз жұмыс өнбейді, әрі бәсекелестік болғандықтан «таяқ жеп қалу» қаупі бар дейді күл жинап, нәпақа тауып жүрген тұрғындар. Өзін Тілеубек деп таныстырған жігіт Павлодар ауданынан 150 шақырым жердегі МАЕС-1 және МАЕС- 2-ге арнайы келеді екен. Айтуынша, осы алып стансалардан шыққан қалдық су көлге айналған. Стансадан шыққан сумен бірге күлде ағып келеді.

«Соңғы рет үш күн жүріп 4 тоннадан астам күлді көлден қалқып алдық. Келісін 50 теңгеден өткіздік. Үш адам болып бардық. Адам көп. Осы жолы сақалдылар айналаны қоршай бастапты. Жолатқылары келмейді. Ақшаның көзі. Көлде қалқыған күл көп жеріне таласады ел. Үш адам 200 мың теңге таптық. Шүкір. Айлықтан жақсы. Бірақ қауіпті, бәле қаланың бәрі сол жерде»,- деді алты баланың әкесі Тілеубек Әзімхан.

«Бір келі күл 100 теңге»: Павлодар облысында тұрғындар күл сатып, күнелтіп жүр


Нәпақасын осы жерден тауып жүрген тағы бір жігіт әйелін ертіп ШҚО барған. Айтуынша жолы болып, бес баласын бір ай асырауға жететін ақша тауып қайтқан көрінеді.

«Өскемен қаласының жанындағы Скалскі ауылынан бардық күл теруге. ГРЭС- тің қасында Солнечный деген ауылда жатып жұмыс істедік. Болады, жақсы табыспен қайттық. Адам көп, сезон басталыпты. Күн суық, желдің өтінде көлді кешіп жүріп лай күлді сүзіп аласың. Жұмыс оңай емес»,- деп түсіндірді өзін Сүндетбек деп таныстырған жігіт.

Қапқа жиналған күлді сол маңдағы қабылдау орталықтарына өткізеді. Қыстың күні бір келі күлдің құны 100 теңгеге дейін қымбаттаса, күн жылынғанда баға екі есеге дейін арзандайды. Су кешкен тұрғындар көл бетінде қалқыған қалдықтарды арнайы ау тәріздес сүзгімен алады.