Қазақстан Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режимді алып тастады

2020-03-30 09:00:41
Қазақстан Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режимді алып тастады
Қазақстан Қытай мен Үндістаннан келетін транзиттік жолаушыларға ел аумағында 72 сағат визасыз болу режимін осы жылдың шілдесіне дейін тоқтатты, деп хабарлайды SputnikNews.kz премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Үкіметтің қаулысымен Қазақстан арқылы өзге елдерге ұшатын Қытай мен Үндістан азаматтарына 72 сағат визасыз болу режимі тоқтатылды.

"Иммигранттардың Қазақстанға келуі және онда болуы, сондай-ақ олардың Қазақстаннан кетуі қағидаларының 26-1-тармағының қолданылуы 2020 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын", -делінген қаулыда.
Бұл қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды және Тараз қалаларының әуежайлары арқылы Қытай мен Үндістаннан келген транзиттік жолаушыларға 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстан аумағында 72 сағат бойы визасыз жүруге рұқсат етілген еді.

Шетелдіктер Қазақстанға кіру үшін біздің ел арқылы одан әрі қай мемлекетке ұшатыны көрсетілген әуе билетін ұсынуы тиіс. Егер ұшақ билеті болмаса, онда елге кіргізілмейді.

Айта кетсек, республикада 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Режим 15 сәуірге дейін созылады.
Просмотров материала: 0