Махатма Ганди Үндістанды аяусыз отарлаған ағылшындарды қыруға шақырмаған еді. Мартин Лютер Кинг сегрегациядағы қара нәсілділерді өздерін адам құрлы көрмеген ақтарды өлтіруге шақырмаған еді. Олар “зорлықсыз қарсыласу” (nonviolent resistance) жолын таңдады. Соның нәтижесінде есімдері тарихқа алтын әріптермен енді. Кейбір “рухты” кісілер бұл салыстыруымды орынсыз дер. Дейтұрғанмен, Ганди мен Кинг қаласа өшігуге миллион себеп табар еді. Табар еді де, артына ергендерді күш қолдану мен зорлық-зомбылыққа бастар еді. Алайда олар өшпенділіктен бас тартып, махаббат пен жанашырлықты таңдады.
Мұндай тәсілді таңдау оңай емес - түсінем. Десек те, бұл адами келбетімізді сақтап қалу мен өркениетті ел болып қалыптасуымыздың жалғыз дұрыс жолы. “Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын” қазақы ұстанымымыз қайда қалды? Әлеуметтік желідегі Қордайға байланысты посттар мен комментарийлерді оқып, жағамды ұстадым. Әділетсіздік пен қиянатқа, кемсіту мен қорлыққа тап болсақ та, өкініш өрті өзегімізді өртеп бара жатса да, зорлық-зомбылық тәсілдеріне жүгінуге болмайды.
Қазақтың зарын, мұң-мұқтажын білмейді деп тұрсыздар ма? Білемін. Мен аспаннан салбырап түскен жоқпын. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етудің, өзгелерге өзіңді қорлатпаудың, тарихи әділеттілікті орнатудың тиімді өзге де тәсілдері бар. Бейбіт және адами тәсілдері. Ашуға бой алдыру мен күш қолдану - әлсіздіктің белгісі.
Нұрбек Матжани, WikiBilim қоғамдық қорының президенті
Facebook-та айтылған.