Түркістан әкімі 2019 жылғы атқарылған жұмыс қорытындысы туралы есеп берді
Биыл қаланы түтінмен ластайтын барлық жылу қазандықтары табиғи газға қосылады, деп хабарлайды 24.kz.

Жерасты құбырлары ауыстырылып, көп қабатты үйлерді жылыту нормасы сақталады. Сондай-ақ ұзындығы 128 шақырым болатын қалаішілік 100 көшеге асфальт төселеді. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов 2019 жылғы атқарылған жұмыстың қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттері туралы халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бұл – Түркістан қаласы әкімі Рашид Аюповтың халық алдындағы алғашқы есеп беру жиыны. Жас әрі креативті ойлайтын басшы ел алдындағы есебін қағаз бен санға сүйенбей, еркін форматта өткізді. Қаладағы ең өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көлік тасымалы. Жұрттың айта-айта ауызы талған саласы осы. Автобустардың қызмет көрсету сапасы сын көтермейтінін біз де талай көтергенбіз. Қаладағы жалғыз тасымалдаушы компания өткен жылы әкімдікке билет құнын көтеру туралы ұсыныспен шыққан болатын. Жаңа жылдан бастап жолақы 50 теңгеден 70 теңгеге көтерілді. Алайда, қала әкімдігі тасымалдаушы компанияға өз шарттарын қойып отыр.

Рашид Аюпов, қала әкімі:

- Ол – JPS орнату, жүру уақытын созу, билет беру, камера қою, кондуктор қою және іштегі тазалықты сақтау деген сияқты шарт қойдық. Бұл компания өткен жылы 26 автобус алды және қазір 100 автобус алу бойынша бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан бөлек, Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Хайр компаниясымен келісімшарт жасап, осы күзден бастап жаңа электробустар келе бастайды. Көше жарығы қауіпсіздік үшін аса маңызды. Қазір қаладағы көшелердің 18%-інде ғана жарық бар. Қазір биыл күрделі жөндеуден өткен 30 көше жарық тартылуда. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан қаласында 1200 қылмыс тіркелген. Оның 90%-і ұрлық-қарлықпен байланысты. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 36%-ке төмендеген. Қазір Рашид Аюповтың алдында «Түркістанды қауіпсіз қалаға» айналдыру міндеті тұр. Қауіпсіздікті күшейту үшін шаһар басшысы камераларды көбейтпек. Қазір қалада 230 камера жұмыс істеп тұр. Тағы да 270-ін орнатылмақ.

Рашид Аюпов, қала әкімі:

- Бұл камералардың өзгешелігі – барлық дүниені фиксацияға алып отырады. Қанша пакет бар, қанша шатыр бар, қылмыскер болатын болса, табуға оңай болады. Осындай жұмыс істейтін жаңа технологияға көшетін боламыз. Әкім есебін тыңдап болған соң тұрғындар мен белсенділер өз сауалдарын жолдады. Кейбір өзекті мәселердің қашан, қалай шешілетінін сұрады.

Рашид Аюпов, қала әкімі:

- Жергілікті бюджеттен 152 млн теңге бөлінді. Қаладағы мектептердің қоршаусыз қалған жерін толықтыру, сырттағы дәретхананы ішке кіргізу, бейнекамераларды орнату. Көптеген мектептерде іште әжетхана бар, бірақ көбінде су болмағандықтан жауып тастаған. Күзгі оқу жылына дейін бәрін жасаймыз. Қаладағы тағы бір ел күткен дүние – газбен қамту. Бүгінде бұл көрсеткіш 65%-ті құрап отыр. Әкімнің айтуынша, жыл соңына дейін толықтай қамтылады. Көрсеткіші ең төмен сала – сарқынды су мен автокөлік жолдары. Бірі – 29%, екіншісі – 30%-ті құрап отыр. Биыл 128 шақырым болатын 100 көшеге асфальт төселмек. Алайда, өз ісіне жауапсыз қарайтын кейбір мердігерлердің салғырттығынан тұрғындар жапа шегуде. Қалада инфрақұрылым, құрылыс қарқынды жүруде. Алайда, көшелердегі газ, канализация құбырының орындары дұрыс жабылмағандықтан, балаларымыз батпаққа батып, мектептің алды, үйдің аулалары ластанып кетті. Жасаған жұмыстарының соңын тазалап кетпеген.

Жәмила Жұмабекова, қала тұрғыны:

- Жұмыс бар жерде міндетті түрде кемшіліктер болады ғой. «Көш жүре түзеледі», дейді кемшіліктер жойылады деген ойдамыз. Қаламыз ақырындап көркейіп келе жатыр. Заманауи қала болуына қала тұрғындарының бәрі атсалысуымыз керек. Сондықтан қала әкімінің есебі қанағаттанарлық деп баға қойып шығып отырмыз.

Жиын соңында шаһар басшысы халықтың қалауын тыңдап, бірлесіп, жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Кездесу жергілікті каналдар мен Facebook және Instagram әлеуметтік желілері арқылы тікелей таратылды.