Колбаса неге еттен арзан?!

2020-01-08 15:00:16
Осы жолғы Шығысқа сапарымда біраз кісілер, Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдарда ірі қара малдарының күн өткен сайын азайып бара жатқанын, оған себеп сарыбуын (бруцеллез) дейтін ауру өршіп тұрғанын жеткізді. Көптеген отбасылар жыл сайын қолындағы малынан ауру шығып малы өскеннің орнына өшіп бара жатқан соң, бұл жақтан көшіп басқа жаққа кетуге мәжбүр болған.

Боран деген ауылдан биылғы жылы 800 бас ірі қара ауру делініп көзі жойылған. Шілікті дейтін ауылда осыдан 4 жыл бұрынғы 8 мың бас ірі қарадан, бұл күнде 3 мың бас ғана қалған. Тұрғындардың айтуынша ауру белгісі бар делінген малды қабылдайтын арнайы сойысқанаға апарса, мемлекеттен бөлінген 45 мың теңге төленеді.

Ал сойысқана бұл малдардың етін Өскемен жақтағы колбаса жасайтын жерге өткізеді екен. Ауыл әкімдері мен мал дәрігерлеріне кемінде әр ауылдан 100 бас ірі қараның қанынан аталған ауру белгілерін табу міндеті беріледі деген әңгіме де айтылып қалды. Сонда бұл қолдан ұйымдастырылған ақша жасау амалы және біреулерді тегін етпен қамту ма?

Мал емдеумен жеке айналысып жүрген бір азамат қанында сарыбуын ауруының белгілері бар делінген 8 бас ірі қара малды тексеріп едім, бірде-біреуінен ондай ауыру белгісі байқалмады дейді. Малы көп арнайы шаруашылығы бар кейбір кісілер мал дәрігерлеріне соғым тағы басқа зат беріп алдын ала ауздарын майлап қойса, олардың малынан ауру белгілері шықпайды екен. Маған сенбесеңіздер аталған облыстағы қорасында 10 шақты ірі қара малы бар кез келген тұрғыннан сұрап көріңіз.

Ал ауылшаруашылығы министрлігі бұған не айтасыздар? Бұл бюджеттен ауру малдарға деп ақша бөлдіріп алып, соны орындау ма? ШҚО әкімдігі және сол жақтағы аудан әкімдері не айтасыздар? Бұл айтқанымды теріске шығара аласыздар ма?


Ырысбек Тоқтасын, Facebook
Просмотров материала: 0