"Болашақта біз Қазақстанның барлық өңірлеріне «Сергек» орнатуды жоспарлап отырмыз"

2020-01-08 15:00:16
"Болашақта біз Қазақстанның барлық өңірлеріне «Сергек» орнатуды жоспарлап отырмыз"
Алматыда жуырда ғана «қырағы көз» 400 камера іске қосылды. Kolesa.kz халықты толғандырған сұрақтарды қою үшін «Көркем Телеком» ЖШС-нің директоры Әсет Ахметовке жүгінді.

— Неліктен камералар топтастырып ілінеді?

— Әр камера екі қозғалыс жолағын тіркейді. Жол қиылысында жолақ көп болса, камера да тиісінше көп болады. Қиылыста орта есеппен 12 камера орнатылады. Тек белгілі бір жолақты көретін және көру мүмкіндігі кең құрылғылар бар. Мұндай камералардың көмегімен айналадағы жағдай қадағаланады. Мен айтқан алғашқы камера жылдамдық режимі бұзылған немесе жол таңбасы еленбеген сәтті тіркейді, бірақ олардың көрсеткіштері жүргізушінің жол ережесін бұзғандығына толыққанды дәлел бола алмайды. Адамның амалсыздан ереже бұзуына тура келетін жағдайлар болады. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған кезде жол қозғалысын реттеуші шығады да, бәрін қиылыс арқылы қуа бастайды. Жолда нақты қандай жағдай болғанын анықтауға көру бұрышы кең камералар көмектеседі. Бірнеше жерден түсірілген бейнежазбаны процессинг орталығының қызметкері қарап, талдау жасағаннан кейін шешім қабылдайды.

"Болашақта біз Қазақстанның барлық өңірлеріне «Сергек» орнатуды жоспарлап отырмыз"


— Камералар ұйғарымды автоматты түрде шығармай ма?

— Әрбір шешім аттестациядан өткен инспектор-офицердің электронды қолтаңбасы арқылы куәландырылады. Қолтаңба оған табельдік қару секілді арнайы флешкамен беріледі. Процессинг орталығы Әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай тізілімімен (ӘҚББТ) байланысты. ӘҚББТ иесі — Бас прокуратура. Айыппұл салу не оны өшіру сынды кез келген әрекетті жасау үшін электронды қолтаңба керек. Егер полицей қандай да бір қателік жіберсе, ҚР БП-ның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен ұзақ уақыт мәселенің басын ашуына тура келеді. Жүз мың теңге үшін де (ұсынатындар жоқ емес), үлкен сома үшін де, бір де бір полицей біреудің айыппұлын жоймайды.

— Камералар тек алға қарап тұра ма?

— Негізінен алға қарап тұрады. Мотоциклшілердің қатысуымен болған жол апаттарынан кейін артқа қаратуды сұрап жатады. (Олардың нөмірлері артқы жақта) Алматыдағы камералар әзірше тек өзіне жақындап келе жатқан көліктерді көреді.

— Олардың әрқайсысы жол ережесін бұзудың белгілі бір түрін ғана анықтай ма, әлде бәрін бірдей анықтай ала ма?

— Камера бәрін көреді. Мысалы, жүргізушілер арнайы жолақпен қозғалып, жол таңбасын елемегені және жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл арқалаған сәттер бірнеше рет болған. Жалпы біздің камералар жылдамдық режимін сақтамаған, арнайы жолаққа шығып кеткен, тоқтау сызықтарын басқан және бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен сәттерді тіркейді. Теориялық жағынан олар қарсы бетке шығып кеткендерді де көреді. Бірақ бұл ереже бұзу дерегі үшін процессуалдық шешімді дәл сол сәтте қабылдау қажет. Ал тәртіп сақшылары көбіне үлгермей жатады. Толығырақ айта кетейін: заң бойынша қарсы бетке шығып кеткен жүргізуші куәлігінен айырылады. Яғни, бұл жаза дәл сол сәтте рөлде отырған адамға тағайындалады. Ал жылдамдықты асырғаны үшін айыпты кім екендігіне қарамастан, көлік иесі жазаланады. Кім көлік тізгіндеп, жолдың қарсы бетіне шығып кеткенін камераның көмегімен дәлелдеу мүмкін емес.

Айтпақшы, бос емес жол қиылысына өтуге байланысты да оғаш жағдай болып отыр. ҚР ӘҚБК-не сәйкес, мұндай жағдай бірінші рет болса ескерту беріледі, айыппұл тек ереже екінші рет еленбеген кезде салынады. Бірақ камералар рөлде кімнің отырғанын көрмейтіндіктен, жүргізушінің жол ережесін нешінші рет бұзғанын анықтай алмайды.

— Яғни, кептеліспен күресте «Сергек» көмектесе алмайтын болғаны ма? Себебі кептеліс көбіне жүргізушілер бос емес қиылысқа шығып кететіндіктен болады ғой.

— Біздің байқағанымыздай, мәселенің біршамасы шешіледі. Себебі басқа ереже бұзушылықты камералар көреді. Мысалы, тоқтау сызығының алдындағы үзік сызық тұтас сызыққа ұласады. Оны кесіп өтуге болмайды, бірақ кейбір жүргізушілер бір жолақтан екіншісіне өтемін деп бұл ережені ескермей, басқа жол қозғалысына қатысушыларға кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттің кішігірім жол апатына әкеп соғатын кездері де сирек емес. Ондай ереже бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі онша үлкен емес, бірақ Нұр-Сұлтанның тәжірибесіне сүйенсек, бірнеше рет айыппұл арқалағаннан кейін жүргізушілер тәртіптірек бола түседі.

— Камераларды қауіпсіздік белдігін тақпау не телефон арқылы сөйлесу сияқты жаңа ереже бұзуларды анықтауға үйретуге бола ма?

— Мұны іске асыру қиын. Жарықтың түсуі не күңгірттелген әйнектер кедергі келтіруі мүмкін. Стандартты камералар арқылы көп нәрсені анықтау қиынға соғады. Оның үстіне полицей ЖҚЕ-нің бұзылғанына толық сенімді болмайынша, айыппұл жазбайды. Себебі қателік жіберетін болса, сот табалдырығын тоздыруына тура келеді.

Мұндай жағдайды болдырмас үшін, яғни тек жол ережесін расымен бұзғандар ғана жазалану үшін Қазақстандағы кешендердің барлығы сәл жүргізуші жаққа қарай бапталған. Мысалы, арнайы жолаққа шығып кету дерегіне байланысты айтар болсақ, заң бойынша ереже бұзу болып тұтас сызықты екі дөңгелекпен басып өткен сәт саналады. Бірақ біздің камералар көліктің жартысынан сәл көптеу бөлігі арнайы жолаққа шыққан сәтті жазып алады. Ал кейбір орындарда полицейлер бізден техниканы автокөлік арнайы жолаққа толық шыққан кезде ғана жазып алатындай етіп баптауды сұрайды. Дәл осындай жағдай тоқтау сызығына да қатысты. Заң бойынша одан бампер өтіп кетсе болғаны, айыппұл салынуы тиіс. Бірақ камералар жаяу жүргіншілерге арналған жолаққа дейінгі қашықтықты есепке ала отырып, жүргізушілерге сәл-пәл артықшылық береді. Бағдаршам түстері ауысқан кезде де кешіккен жүргізушілерге бір секундқа дейін уақыт беріледі.

— «Сергек» жаңа ЖҚЕ-ін бұзу деректерін көрмейді ме, әлде қандай да бір атқарылатын жұмыстар бар ма?

— Біз қазір жүк көлігі бойынша жоба дайындап жатырмыз. Ол деректер базасына енгізу және тоннасы мен оське түсетін жүктемесіне қатысты. Жол төсемін бүлдірмеу үшін олардың көптеген жерлермен жүруіне тыйым салынғандығы жасырын емес қой. Ал олар жүк тиеп өтеді. Сонымен қатар, біз жол қиылыстарына орнатылып, өткен көліктерді тексеретін шу деңгейін анықтауыштар мен шығарылған газ талдағыштарды да әзірлеп жатырмыз. Алайда көптеген дүниелерді автоматты режимде өлшеуге заң мүмкіндік бермей отыр. Сол себепті аталған жаңа құрылғылардың қашан іске қосылатыны белгісіз.

— Дыбыс пен түтін деңгейін анықтау өте қиын ғой.

— Иә, бірақ озық камералар пайда болғанда бұл іс жеңілдейді. Бір қиылыста біз 50×50 дәлдікте нәтиже көрсете аламыз. Ал келесі қиылыстардан да мәлімет жинау арқылы 99 % дәлдікке қол жеткіземіз. Болашақта камералар сіздің күн сайын жұмысқа баратыныңызды біліп, бағыт бойынша күтіп тұрады да, тиісті өлшемдерді жүргізетін болады.

— Камера жұмысының дәлдігіне қандай кепілдік бар? Олардың көрсеткішіне қараңғылық, тұман мен жауын әсер ете ме?

— Камералар адамның көзі жететін дүниенің барлығын көреді. Тіпті қырағылығы одан да жоғары! Ғажайып ештеңесі жоқ, әрине, олар қар басқан мемлекеттік нөмірді анықтай алмайды. Бірақ қараңғыда нөмірлер жарыққа жақсы шағылысады. Жауын жауып, тұман түскенде де көрінеді. Тек тұман тым қалың болса ғана көру мүмкіндігі нашарлайды, бірақ мұндай жағдайлар сирек. Оның үстіне тұманда адамдар ұқыптылық танытып, көлікті баяу жүргізеді.

Нөмірлерге қатысты бізді басқа мәселе мазалайды: Қазақстанда мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне арналған таңбалар дұрыс ойластырылмаған: O таңбасы Q белгісіне ұқсас, P дегенді R деп өзгерте салуға болады. Біздің әліппе әдемі болғанымен, функционалды емес және кейбір пысық жүргізушілер мұны кейде пайдаланады. Біз ҚР ІІМ-не ұсыныс жасадық және келесі жылы МТНБ-ін әзірлеу стандарты өзгеруі мүмкін.

— Жол таңбасы жайлы тағы сөз қозғаған екенбіз, астанадағы «Сергек» үлгісімен арнайы жолаққа таксидің және басқа да қоғамдық көліктің шығуына қатысты мәселе қалай шешілуде?

— Нұр-Сұлтанда көлік басқармасы ақ тізім құрып, полиция департаментіне жолдайды, ал ПД оны процессинг орталығының базасына жүктейді. Инспекторлар тізімдегі нөмірлерді көреді де, айыппұл жазбайды. Мұның барлығы тексерушілер тарапынан жеңіл қадағаланады. Айтпақшы, елордада қазір жол ережесін бұзған полицейлер де жазаланады.



Нұр-Сұлтанда жағдай әлдеқайда жеңіл. Камералар орнатылғаннан кейін онда жүргізушілердің барлығы дерлік сағатына 60 км жылдамдықпен қозғалады. Адамдар басқаны басып озу үшін жылдамдықты арттырмайды, біреудің алдына шығып алуға ұмтылмайды. Ал Алматыда алда келе жатқан көлікті сәл жіберіп алсаңыз араға он шақты жүргізуші кіріп кетуге дайын тұрады. Астанада жасыл түс жанған кезде қиылыстан 30 көлік қозғала бастайды, олардың барлығы 60 км/сағ жылдамдықпен жүреді. Ережені бұзбайды және оларды ешкім басып оза алмайды, араларындағы қашықтық тым қысқа болғандықтан, ешкім көшеде «дойбы» ойнамайды. «Аса ақылды» жүргізушілер «қабырғаны» айналып өтуге тырысқанымен, мұндай кедергінің әр бағдаршамда пайда болатынын түсініп, ерте ме, кеш пе, ойларынан айни бастайды.

— «Сергектің» болашаққа жоспары қандай?

— Болашақта біз Қазақстанның барлық өңірлеріне камера орнатуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Украинамен әріптестік құру жағы қарастырылуда. Алматыда мың камера орнатқымыз келеді, бірақ бәрі полиция департаментіне байланысты. Себебі тәжірибе көрсеткендей, кешендердің тек 20 %-ы ғана айыппұл жазады, ал қалғандары пассивті қызмет атқарады. Адамдар камералардың қайда тұрғанына мән бермейді, олар кешендердің жан-жақта тұрғанына үйренеді де, жол ережесін бұзбауға тырысады.

Сонымен қатар, біз тас жолдарда камера орнатуды жоспарлап отырмыз. Олар орташа жылдамдықты өлшейді. Айтпақшы, бұл орташа жылдамдықты өлшеу маңызға ие болатын жалғыз жер. Камераға толы қалада оны өлшеудің қажеті жоқ. Ал қала сыртында орташа жылдамдық — жүргізушілердің әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін жалғыз тәсіл. Біздің камералар кәзір-ақ іске кірісуге дайын. Тек ол үшін заңға тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс.

Дереккөз: kolesa.kz
Просмотров материала: 0