Урологтар конгресі: «Қызылорда, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында импотенттер көп»

2019-10-25 22:00:24
Урологтар конгресі: «Қызылорда, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында импотенттер көп»
Қазақстанда ер жігіттердің 20 пайызы белсіздікке шалдыққан. Олардың көбі еркектік қуаты қайтып, ауруы асқынғанда ғана тексерілуге келеді екен. Ал, оларды емдейтін уролог мамандар елімізде тапшы. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Урологтардың I Орта Азиялық конгресінде айтылды.

«Оңтүстік астанаға» 16 елден келген мамандар онкоурология, консервативті урология, андрология, репродуктивті денсаулық туралы сөз етіп, проблеманы шешу жолдарын қарастырды.

Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы мамандары еркектер жыныс мүшесін тексертуді намыс санап жүріп, белсіздікке тап болғандарын білмей қалады дейді. Биыл орталыққа бар болғаны 3543 қана адам қуықасты ауруын айтып, көмекке жүгінген. Олардың тең жартысынан белсіздік белгісі анықталған. Әсіресе, орта жастағы ерлердің көбінде «қуат» күші қайтып, ұрықтылықтың, жыныстық жолмен жұққан аурулар мен репродуктивтік қызметтің бұзылғаны байқалған.

«Келген азаматтардың 50-52% белсіздік бар. Соңғы кезде жиілеп кетті. Себебі көп, мәселен артық салмақтан, алкогольді көп ішуден де ауру болады. Әйелдер, қыздар 12-13 жастан бастап гинекологтарға қарала бастайды. Ер адамдар аурын жасырады да, асқынған соң ғана шағымдана бастайды. 30-40 жас аралығындағы еркектердің арасында белсіздік – 15-20%, 40 пен 60 жас аралығындағыларда – 25 -30% пайыз, 60 жастан асқан адамдарда белсіздік белгісі 80% жетеді. Белсіздікке ұшыраған еркектерді қалыпқа келтіруге болады. Көбіне дәрі-дәрмекпен емделеді. 10%-на операция жасаймыз», - деді Медицина ғылымдарының докторы Марат Мақажанов.

Мамандардың айтуынша, елде уролог-дәрігерлер жетіспейді. Әрі олардың айлығы аз, емделушілер де сирек келгендіктен аурухана басшылары жалақы шығындап, кадрды ұстап қалғысы келмейді. Елде білікті урологтардың саны 500-ден сәл ғана асады екен. Гинеколагтар керісінше, бұл саладағы дәрігерлерден он есе көп. Маманның тапшылығынан жеткіншектер жас кезінде емес, әбден ауруы асқынған жігіттік шағында урологтарды бір-ақ іздей бастайды.

«Бізге 16 елдің жетекші урологтарының келгені бұл саладағы мәселені шешуге мүмкіндік береді. Конгреске облыстардағы бас урологтардың бәрі келді. Мақсат – тәжірибе жинау, пікір алмасу ғана емес, өзге елдердің ота жасау, емдеу тәсілдерін үйрену. Дамыған елдердің өкілдері операцияны адам емес, роботтың жасағаны әлдеқайда тиімді дегенді айтып жатыр. Түркияға, Еуропа елдеріне 3-6 айға мамандарды оқыту, тәжірибеден өткізу туралы келісімдер жасалады», - деді CACU конгресінің басқарма төрағасы Әнуар Аманов.

Белсіздіктің белең алып бара жатқанын айтқан дәрігерлердің сөзінше, Қызылорда, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарындағы ерлерде импотент көп. Уақыт өткен сайын дендеген дерттің алдын алу үшін отандық дәрігерлер алдағы екі күн бойы Түркия, Швеция, Нидерланды, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия сынды он шақты мемлекетен келген ғалымдардың ұсыныс пікірін тыңдамақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы
Просмотров материала: 130