Қазақстанда оқушылар мектепке енді алақанды сканерлеу арқылы кіре алады

2024-11-07 10:27:37

Министрліктің дерегіне сенсек, пилоттық режимде Alaqan жүйесі Шымкент әкімдігінде, «Азаматтарға арналған үкімет» орталығында, сондай-ақ бірнеше мектеп пен балабақшада орнатылған.

«Технологияның мақсаты – балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау, қызметкерлердің кіру-шығуын тіркеу, сондай-ақ бюджет шығындарын арттыратын жалған жазбаларды анықтау», – деп түсіндірді министрлік.

Жоба Ақмола облысының 91 мектебін, Ақтөбе облысының 68 мектебін және басқа аймақтардағы бірқатар мектепті қамтиды. Келесі екі жылда Қарағанды облысының 150 мектебіне жүйені орнату жоспарланып отыр.

ArtSport және «Дарабала» бағдарламалары аясында Alaqan Көкшетаудағы 19 білім беру мекемесінде қатысуды есепке алу үшін қолданылады. Бұл жүйе биыл наурыз айынан бастап 60 миллион теңге үнемдеуге көмектесті деп атап өтті министрлік.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ата-аналар балабақшаларда Face ID жүйесін қолдануға қарсы петиция жариялағанын жазған едік. Айтуларынша, балаларының биометриялық дерегі интернет желісі арқылы алаяқтардың қолына түсуі мүмкін. Балабақшадағы Face ID жүйесі былтырдан бері пилот режимде еліміздің 4 өңірінде жұмыс істеп тұр. Мұнда тәрбиешілер әр баланы смартфонға суретке түсіріп, оны арнайы бағдарламаға жүктейді екен. Сол арқылы олардың балабақшаға келгенін растайды.