Өзінің әпкесіне алданған Назира
Алданғандардың бірі компания басшысының сіңлісі – Назира Жауғаш. Ол мүгедектігі бар баласын емдетемін деп алаяқтардың арбауына түсіп отыр. 4 жасар баласы Ілияс 2021 жылы эпилепсияға шалдыққан. Тұңғышын емдетемін деп, шарқ ұрып, біраз жердің есігін қаққан. Ақырында Ақтөбедегі қайырымдылық қорына жүгінген.
«Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері жолдасым екеуімізді шақырып алып, «Назира, сен білесің ғой, біздегі дәрігерлер жас, әлі ештеңе білмейді. Енді сондай бізде, не істей аласың? Дің жасушаларын ауыстырып орналастыру (пересадка стволовых клеток) жасату үшін баламен Түркияға бару керек. Сенің апаң қайырымдылық қорының директоры ғой, ол көмектеседі» деген», – дейді Назира Жауғаш.
Осыдан соң Назираның әпкесі, More life қайырымдылық қорының директоры Бибігүл Жулина хабарласып, көмектесем деген. Сонымен халықтың көмегімен 11 күнде баланың еміне 11 миллион теңге жинап берген. Бірақ Түркияға баланы анасымен жібермей, өзі апармақ болған.
Кейін Бибігүл Жулина «клиникамен келістік, 16 миллион жинау керек» деген. Сөйтіп әйел қордың әлеуметтік желідегі парақшаларына видеолар жариялап, халықтан ақша жинай бастайды. Ақша Назираның жолдасының банк картасына жиналады. Бибігүл Назираның құжат бойынша туған әпкесі, ал негізі Назира оған жиен болып келеді, екінші апасының қызы. Бастапқыда 4,5 миллион теңге жиналған. Оны Бибігүл “ақшаны маған жіберіңдер” деп сұрапты. Ал екіншісінде 850 мың теңгені Алексей Жулинге, яғни жолдасына жіберуді өтінген.
“Балам 20 күн бойы тек физиотерапия алған”
Қызықтың көкесі 4 жасар Ілияс Түркиядан келгенде болған. Баласын сағынып, әуежайдан күтіп алған Назира өз көзіне сенбеген, қуанышы су сепкендей басылған. Өз аяғымен жүрген бала арбамен, қол-аяғы дұрыс қозғалмай келген. Бала Түркияда 20 күн болған.
Назира Жауғаш туған бауырының ту сыртынан пышақ сұққанын кешірек біліп қалдым деп отыр.
«Түркиядан келген қағазды қарасам, балам 20 күн бойы тек физиотерапия алған. Эпилепсия судорогы болған соң жарты жыл ешқандай реабилитацияға жата алмаймыз. Жатсақ жүрекке жүк түседі. Сонда Түркияда физиотерапия жасағанда жүк жүрекке түскен. Балам Түркиядан мойнын ұстай алмай келді, баламда инсульт болған. Физиотерапияны ең арзан тәсіл деп атайды ғой, сонда қалған ақшаға өз шаруаларын бітірген. Туған апам қазір маған туғаның емеспін деп жүр. Бірақ бізді бір ата-ана бақты, бір тәрбие көрдік. Кетер кезде сенің балам менің баламдай деп жылап кеткен еді. Маған сенің шаруаң ақша жинау, ал менікі Түркиядан клиника тауып, келісім-шарт жасау деді», – дейді.
Бибігүл Жулина Түркиядағы клиникаға теңгемен шаққанда 1 миллион 938 699 теңге төлеген. Арғы жағындағы 9 миллион қайда екенін ешкім білмейді. Назира жолы бар, басқа да шығыны бар, бас-аяғы 5 миллиондай кеткен деп отыр. Ал қалған 6 миллион қайда деп шырылдайды.
Көреміз редакциясы қайырымдылық қорын көруге Ақтөбеге барған. Қорда директор Бибігүл Жулина және жетекшісі Ералхан Дияров қана жұмыс істейді екен. Айтпақшы бұл қоғамдық қор Ілияс Түрцияға емге барған жылы, яғни 2022 жылы ашылған. Бір қызығы қор құрамында медицинадан хабары бар адам жоқ. Сонымен қатар Бибігүл биыл Omir атты клиникасын ашып үлгерген.
Қоғамдық қорға бірнеше отбасы алданған
Назираның білуінше, осы қоғамдық қорға қатысты бүгінде 11 қылмыстық іс қозғалған. Демек жәбірленушілер көп. Әйел Бибігүл Жулина қазір қамауда отыр деді. Ал Жулинаның ата-анасы қызының алаяқтық жасағанына сенгісі келмейді. Бірақ мүмкін емес деп жоққа да шығармайды. Өмірде бәріміз сүрінеміз деп отыр. Ал анасы Салима Ташанова қалған 6 миллионды қайда жібердің деп сұрағанда «ол ақша басқа баланы емдеуге жұмсалады» деп жауап берген. «Ілияс әлі ауру ғой, оны емдеуге неге жұмсамайсың» дегенде анасымен араласпай қойған. Анасы Бибігүлді және сол үйдегі немерелерін әлі күнге дейін көрмепті. Бибігүл Назираға «сені жындыханаға тоғытамын» деп қорқытып, аудио жіберген.
«Мен бүгін оны жындыханаға жатқызамын, 33-бригаданы шақырамын. Сосын оны ата-ана құқығынан айырамын және психдиспансерге қоямын. Сосын ол жылай ма, басқа қыла ма, маған бәрібір. Ол жындыханаға жатады, мен шаршадым», – деп Бибігүл Назираға аудиохабарлама жіберген.
Осы қоғамдық қорға алданған тағы бір ата-ана ақтөбелік Темірхан Арун. Үш жастағы баласы ауруға шалдыққан. Бұл отбасы да қайырымдылық қор іздеп, осы More life-қа тап болған. Темірханнан бөлек қорға келген Индира деген әйел бар. Ол да дәл осылай алданған. Сонымен қатар бұл жәбірленушілерге де Түркияға баруды, қормен бірге ақша жинауды ауруханадағы дәрігерлер айтқан. Бағдарламаның сарапшысы дәрігерлер мен Бибігүл сыбайлас болуы ғажап емес дейді.
Қоғамдық қорға алданған Альмира есімді тағы бір ана бұл қорға алданған тағы 13 адам арыз жазып жатқанын айтты. Ал 11 қылмыстық іс бүгінде қозғалып қойған.
Бибігүл Жулина Ақтөбеде тұрады, біраз жыл қайырымдылықпен айналысқан төрт қызы бар. Қор қызметкерлерінің сөзінше, бүгінге дейін 80-нен астам баланың ем алуына көмектескен. Дегенмен 2023 жылдан бастап қор даудан арылмай келеді. Бірақ қордың басшысы бұның бәрі жалған жала деп отыр.
«Невропатолог рұқсатын берсе, операцияға жібереміз. Ал керек демесе, жасамаймыз. Ал Назираның жағдайында біз емді 10 күн қысқарттық. Назираның келіспей отырғаны: негізі бұл ауруханаға жатудың қажеті жоқ еді. Бірақ баланың талмасы болғасын, дәрігердің қарамағында болсын дедік. Олар 10 мың 950 долларға шот толтырған», – деді Бибігүл Жулина.
Ақтөбе облысы полиция департаменті осы іске қатысты пікір білдірді.
«Полиция департаментіне More life қоғамдық қорына ақша иелену фактісі бойынша 5 адам жүгінді. Қылмыстық істі тергеу барысында тергеу әрекеттерін жүргізу үшін халықаралық тапсырма жолданды. Тергеу жүріп жатыр. Аталған күдіктінің үстінен екі жыл бұрын арыздар бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілген еді. Қазір сол қылмыстық іспен, сонымен қатар бес азаматтың арызымен бірге қылмыстық іс бірігіп, тергеу жүргізіліп жатыр”, – деді Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.