Аудит нәтижелері
Жоғары аудиторлық палатаның отырысында 2023 жылғы республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне (РБ ШҚЕ) жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды.
РБ ШҚЕ негізгі мақсаты – республикалық деңгейдегі мемлекет активтерін, міндеттемелерін, кірістері мен шығыстарын объективті және анық көрсету. Ол 2023 жылға 39 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің есептілігі негізінде құрылды.
Ұсынылған деректерге сәйкес республикалық бюджет активтерінің жиынтық көлемі 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 7% өсіммен 25,5 трлн теңгені құрады.
Соңғы 5 жыл ішінде шығыстардың республикалық бюджет кірістерінен жыл сайын асып түсуі байқалуда, бұл жинақталған қаржылық нәтиженің төмендеуіне әкеп соғуы заңдылық.
Сонымен бірге аудиторлық іс-шараның нәтижесі бойынша 87,7 млрд теңге сомаға қаржылық бұзушылықтар, 26,3 млн теңгеге активтерді тиімсіз пайдалану, сондай-ақ 25 рәсімдік бұзушылық пен 17 жүйелік кемшілік анықталып отыр
Бұл ретте 2023 жылғы РБ ШҚЕ республикалық деңгейде мемлекеттің қаржылық жағдайы мен қаржылық қызметінің нәтижелерін толық көрсетпейді, — делінген хабарламада.
Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша таза активтер минус 4,2 трлн теңгені құрады. Бұл, ең алдымен, мынадай қаржылық көрсеткіштерді объективті түрде (өзіндік құны бойынша) көрсетпеумен байланысты:
квазимемлекеттік сектор субъектілеріне инвестициялар;
квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілетін бюджеттік кредиттер;
қаржылық міндеттемелер (мемлекеттік борыш).
Жоғарыда аталған элементтердің тек үшеуі ғана объективті түрде көрсетілген жағдайда, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша таза активтер теріс емес (минус 4,2 трлн теңге), оң мәнді көрсетіп, бағалау бойынша 12,7 трлн теңгені құрайтын еді.
Сонымен қатар 2023 жылғы РБ ШҚЕ-де тану өлшемшарттарына сәйкес келмейтін активтерді көрсету жалғасуда, мысалы:
банкрот деп жарияланған салық төлеушілердің салықтық берешегі;
мемлекеттік кірістер органдары мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шаралары қолданылған берешек;
қарыз шарттары шеңберінде өз міндеттемелерін орындамаған мемлекеттік кепілдік алушылардың берешегі.
Сонымен бірге аудит нәтижелері көрсеткендей, көптеген пайдалануға жарамды және пайдаланылатын негізгі құралдар нөлдік баға бойынша есепке алынады. Бұл қоғамдық секторға арналған халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының (ҚСХҚЕС) талаптарына сәйкес келмейді. Осылайша, РБ ШҚЕ-де мыналар:
республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы 105 учаскесі;
мемлекеттік мекемелердің қызметінде пайдаланылатын 14 мыңға жуық ғимарат нөлдік баға бойынша көрсетілген.
Жоғары аудиторлық палата «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» ҚР Заңының 23-бабына сәйкес анықталған бұзушылықтар мен орын алған жүйелік кемшіліктерді назарға ала отырып, 2023 жылғы РБ ШҚЕ қатысты өз пікірін ескертпемен білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге ҚСХҚЕС сәйкес активтер мен міндеттемелердің жекелеген санаттарының неғұрлым анық түрде ұсынылуын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізуді ұсынды, — делінген хабарламада.
Тұтастай алғанда, бірінші РБ ШҚЕ аудитке ұсынылған сәттен бастап 5 жылдық кезең ішінде оның сапасы мен анықтығының айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Жалпы, Палата ұсынымдарын ескере отырып, Қаржы министрлігі осы жылдар ішінде 5,7 трлн теңге сомадағы активтерді, 297 млрд теңгеге міндеттемелерді тану және анық көрсетуді қамтамасыз етті.