Өнер иесі Хабарlike бағдарламасында қонақта болып, сәби сүйе алмай жүрген отбасыларға үндеу жасады.
“Біз перзентті ұзақ күттік. Осындай кезде ағайын-туыстың қоймай сұрақ астына алуы дұрыс нәрсе емес. Мысалы, ұлың немесе қызың болмаса, келеді де, көңілің бар екен-ау демей, «неге ЭКҰ-ға бармайсыңдар?», «емделмейсіңдер ме, үйтпейсіңдер ме, бүйтпейсіңдер ме» дегенді көп айтады. Мен соны білмей отырмын ба? Былайынша айтқанда, адамның жарасын одан сайын тырнайды. Сондай адам көп. Қазір ондай адамдарды көрсем, жауап та бермеймін, «иә» деймін де, әрі қарай сөйлеспеуге тырысамын”, – деді әнші.
Сонымен қатар өнер иесі 30 жыл сәби күткен отбасының тойына барғанын жеткізді.
“Жақында ғана, осыдан 10-15 күн бұрын Астананың шетіндегі бір ауылдағы кішкентай қыздың тұсаукесеріне бардым. Сөйтсем, адамдар тілектің арасында қыздың 30 жыл күттіріп, дүниеге келгенін қосып жатты. Басында мен мұны білмедім. Ана жерде тұрып, менің көзіме жас келді. Бұл недеген сабыр? 30 жыл бойы ұл да болмаған, қыз да болмаған, сонша жыл шыдап, 30 жылдан кейін тәп-тәтті сұлу қыз дүниеге келген. Сондықтан мұндай кезде бір-ақ нәрсе – сабыр көмектеседі», – деді өнер иесі.
Еске салайық, өнер иесі 40 жасқа толған туған күнін дүркіретіп атап өткен еді.