Жалпы, вице-министр сотталғандар, соның ішінде аса ауыр қылмыс үшін сотталғандар қандай жағдайда мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін екенін түсіндірді.
«Шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігі заң бойынша қарастырылған. Ол үшін жазасын өтеп отырған адам қамау мекемесінде жақсы тәртібімен көзге түсу керек. Ал ауыр қылмыс жасағандардың кейсі бойынша, олар жазасының үштен екісін өтеу керек. Иә, ол (Қуандық Бишімбаев — авт) шартты түрде мерзімінен бұрын шығу үшін зардап шеккен тараптың пікірі ескеріледі. Бірақ, бәрін сот шешеді. Екіншіден, біз осы мәселе бойынша сот үкімінің күшіне енгенін күтуіміз керек. Оған дейін бірнәрсе айту ерте», — деді Жақселекова.
Журналистер оған Бишімбаев қамау мекемесінде денсаулығына шағымданса, зардап шеккен тараптың келісімін алмай-ақ ерте босап шыға ала ма деген сұрақ қойды.
«Оны да сот шешеді. Жалпы, қамау мекемелерінде дәрігерлер сотталған әрбір адамның денсаулығын қарайды. Жуырдан бері бұл қызмет (түрмедегі дәрігерлер) Ішкі істер министрлігінен шығып, Денсаулық сақтау министрлігіне берілген еді», — дейді ол.