Бұл тұрғын үй кешеніндегі бесінші қабаттан пәтер алған Нұржан Әтешовтің көшіп келгелі баспанасына көңілі толмайды. Алғашында ауыз судан тарыққан жігіт ағасы қыс бойы терезеден гулеген желмен алысып, енді міне, көгерген қабырғаны тазалаумен әуре болған.
«Үйдің бәрі көгеріп жатыр. Суық, жел уілдейді. Сата алмайсың. Келген адамның барлығы қашып кетіп жатыр», – деді қала тұрғыны Нұржан Әтешов.
Тұран шағынауданындағы тұрғын үй кешенінде 31 баспана бой көтерген. Бәрін бір компания салған. Жұрттың жартысы үйді мемлекеттік бағдарламамен, қалғаны банк арқылы несиеге рәсімдеп алған. Олар қабырғасы қаланып, шатыры ғана жабыла салған баспанаға ай сайын 300 мың теңгеден 25 жыл төлеуге мәжбүр.
Ал үйді иелеріне тапсырған компания өкілдері келісімшарт бойынша бәрі заңды деп құтылды. Олардың айтуынша, бес қабатты баспананың кепілдік мерзімі бес жыл, құжат бойынша үйдің жертөлесі мен қасбетіне ғана жауапты.
«Жертөледегі құбырлардан су кетіп жатыр. Қазір құбырды ауыстырып жатырмыз. Компания 5 жылға кепілдік береді. Ол тек сыртқы құрылысына және жертөлеге беріледі, шатырына жауаптымыз. Қалған ішкі мәселелерге кепілдік жоқ», – деді мердігер компания директорының орынбасары Құттықыз Бекназарова.
«Оңбай алдандық» деген тұрғындар баспанасын сата да алмайтынын айтты. Себебі баспананың балконы жоқ, не коммуналдық жүйесі жолға қойылмаған. Амалсыз ел құжат бойынша рәсімделген екі бөлмелі пәтерге 25 жылда 45 млн теңге төлеуге мәжбүр.